Атырауда «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын жүзеге асыру басталады. Бұл туралы ӨКҚ-де өткен брифингте Атырау облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Әлібек ТӨЛЕП мәлім етті.
Бағдарлама өткен жылдың қыркүйек айында өткен Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауына сәйкес жүзеге асып отыр. Негізгі мақсаты – электр желілерінің, жылу коммуникациясының және су құбыры желісінің тозу деңгейін 15%-ға төмендету.
«Тарифті инвестицияға айырбастау» ресми тілмен айтқанда, «меншік иелерінің есебінен салаға инвестиция тартуды, табиғи монополиялар саласы қызметкерлерінің еңбекақы деңгейін арттыруды, табиғи монополиялар саласына озық инновацияларды енгізуді ынталандыру арқылы одан әрі реттеуді қарастырады. Бұл шаралар желінің тозуын 15%-ға азайтып, шығындарды кемітеді және реттелетін қызметтердің сапасын жақсартады. Бұл ретте монополистердің пайдасын шектеу мен инфрақұрылымға инвестиция тартуды қамтамасыз ету арасындағы тепе-теңдік сақталады» (Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Тимур Қосымбаевтың сұхбатынан).
Ә.Төлептің айтуынша, бағдарлама кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
- Өткен жылдың желтоқсан айында аталған тапсырма бойынша жаңа заңға қол қойылып, бүгінде күшіне енді. Оның негізгі тармақтарының бірі – монополист компаниялардың құзырындағы желілердің тозу деңгейін төмендету. Ол – бір күнде пайда болған мәселе болмағандықтан, оны төмендету де бір жылда аяқталмайтыны анық,- деді Ә.Төлеп.
Бұл тұрғыда Энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары Серікқали ҚАНАПИН облыстағы желілердің жай-күйі туралы айтып өтті. Оның айтуынша, облыс аумағында 567,7 шақырым жылу жүйесі бар. Бүгінде олардың тозу деңгейі 58,7%-ды құрап отыр. 14 352 шақырым электр желісінің тозу деңгейі 40%-ға жетсе, 4 263 шақырым сумен жабдықтау желісінің 29%-ның тозығы жетіп отыр.
- Аталған мәселені шешу үшін табиғи монополияларды реттеу комитетінің ұсынысы арқылы инвестициялық бағдарламалар шеңберінде жұмыс жүргізілуде, - деді С.Қанапин.
Айнұр САПАРОВА