Атырау, 28 қараша 17:34
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

«Қиындықты бірге жеңеміз»: Атырауда арбаға таңылған жігіт үйленді

Сурет Бейнежазба
1 903 просмотра

Атырауда жол көлік апатына түсіп, мүгедек арбасына таңылып қалған жігіт жуырда өз сүйіктісімен неке қиып, тойын көпшілікпен атап өтті. Ерекше жұптың қуанышы әлеуметтік желіде көпшіліктің жүрегін елжіретті.

28 жастағы Дәурен ЖАРДЕМОВ Исатай ауданы, Жанбай ауылының тумасы. 2021 жылы 1 қаңтарда әкесін жұмысқа алып бара жатып, көктайғақта көлігі аударылып, жол апатына түседі. Алған зақымы салдарынан жұлыны үзіліп, екі аяғынан жүріп-тұра алмай қалады.

- Жол апаты кезінде ең бастысы әкеме де, жол бойында келе жатқан басқа жүргізушілерге де зиян келтірмегеніме шүкір еттім. Осы күнге дейін маған Атырау, Алматы, Стамбул қалаларында үш ота жасалды. Операциядан кейінгі қиын сәттерде ата-анамның, достарымның, сүйіктімнің тарапынан үлкен көмек болды. Төсектен тұрып арбаға отыруға, далаға, қоғамға шығуға жігер беріп, мол көмегін тигізді, - дейді қайсар жігіт. - Сонымен қатар, «бақытсыздыққа ұшыраған әріптестерім» көп көмектесті, мүгедектер арбасында отыратын Гүлназ ҚОСМҰРЗИЕВА деген өте белсенді әйел бар, екі жыл бұрын Беларусьтен өзіміз сияқты мүгедек әріптестерімізді шақырды; олар бізге көп көмектесті, біз көп сөйлестік, тәжірибемізбен бөлістік. Гүлназдың қоры «Біз де адамбыз» деп аталады, тойымызда олар бізге қолдау көрсетті!


– Ал сүйікті қызыңыз туралы толығырақ айта аласыз ба?

- Қалаға ағамның үйіне жиі келіп тұратынмын. Дильназдың ата-анасы да сол үйдің 5 қатарында тұрады. Ол үйінің ортаншы перзенті, жалғыз қызы. Бұрыннан сырттай көріп, іштей ұнатып жүрсем де, жақын сөйлесіп көрмеп едік. Таныстығымыз мен жол-көлік апатына түскеннен кейін басталды. Бір-бірімізді жақсы түсініп, кейін бірге серуендеп, табысып кеттік, - дейді.  

Даурен үйіндегі екінші бала, бір әпкесі және үш інісі бар. Ата-анасы ауылда мал шаруашылығымен айналысады. Өзінің мамандығы мал дәрігері. Ал жары 19 жастағы Дильназ Даулетбаева Атырау медицина колледжінің студенті.


- Екеуіміз жиі қыдыратынбыз. Көп сырластық, қиындықтарға соңына дейін шыдаймыз деп шештік. Ақырында, біздің махаббатымыз бәрін жеңді. Қыздың ата-анасы да, бауырлары да өз батасын беріп, бізге бақыт тіледі. 1,5 жылдай кездесіп, кеше ғана Қыз ұзату мен үйлену тойымызды көпшілікпен бірге атап өттік, - дейді күйеу жігіт. - Ауылды да қимаймын, бірақ ол жақта арбада отырған адамға ешқандай жағдай жоқ. Қарапайым есік алдына шығудың өзі мұң. Жаңбыр жауса - балшық, былай күндері шоқалақ жол. Бір жағынан Дильназ да әлі студент, оқуы бар. Сондықтан қалада тұрамыз деп шештік.

Дәуренге дәрігерлердің бірі аяқтан тұрып кетуге мүмкіндік жоқ десе, бірі спортпен тұрақты шұғылдану арқылы өзіңді алып шығасың деп кеңес берген. Жігіттің оны жеңе алатынын сеземін. Әңгімеміздің соңында:

- Мүмкін емес нәрсе жоқ. Мен әлі де аяққа тұрып кететініме сенімдімін, соған әрекет жасап жатырмын, ең бастысы менде махаббат бар, - деді Дәурен.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суреттер мен бейнежазбаны Дәурен Жәрдемов жолдады

16 қаңтар 2023, 11:44

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.