Өңірлік Кәсіпкерлер палатасына Жылыой және Құрманғазы аудандарының кәсіпкерлері ұжымдық шағым түсірді. Олар бақылау-кассалық аппараттардың бағдарламасын (микробағдарламасын) жаңартқаны үшін міндетті төлем мәселесін өз қаражатынан шешуге көмек көрсетуді сұрайды. Бұл мәселе оларда ҚР Салық кодексіне өзгеріс енгізгеннен кейін пайда болды.
Жаңа құқықтық нормаларға сәйкес, сатушы сатып алушының талабы бойынша оның ЖСН-ын БКМ чегінде көрсетуі міндетті, тиісінше, ағымдағы айдың соңына дейін өзінің бақылау-кассалық машиналарын 2.0.2 деректерді берудің жаңа хаттамасына қайта бағдарламалауы тиіс. Егер сатып алушының талабы бойынша чекте оның деректерін көрсете алмаса, онда айыппұл төлеуі мүмкін.
Бизнесмендер бұл ережені жоюды немесе микробағдарлама үшін бағаны төмендетуді сұрайды. Жылыой ауданының кәсіпкері Жадыра АРЫСТАНҒАЛИЕВАНЫҢ айтуынша, сатып алушының ЖСН-ін чекте оның өтініші бойынша көрсеткені үшін ККМ маркасына байланысты ол бюджетке 12 мың теңгеден 27 мың теңгеге дейін төлеуі керек.
- Біз инновацияларға қарсы емеспіз, бірақ неге олардың барлығы кәсіпкерлердің қалтасынан төленуі керек? Біз Алматыдағы әріптестерімізге қызықтық: ол жақта бұл сома шамамен 7 мың теңге айналасында. Неліктен мұндай айырмашылық бар? Карантиннен кейін жағдайдамыз онсыз да қиын. Біз бұл қызметті тегін ету немесе бағаны айтарлықтай төмендетуді сұраймыз, өйткені қазіргі құны біз үшін өте жоғары, – дейді Ж. Арыстанғалиева.
Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Ақбота ТОЙБАЗАРОВА бұл мәселені шешу мемлекеттік органның құзыретіне кірмейтінін және БКМ микробағдарламасының құнын БКМ техникалық қызмет көрсету орталықтары белгілейтінін атап өтті.
- Бақылау-кассалық машиналарға техникалық қызмет көрсетумен арнайы орталықтар айналысады. Бізде мұндай өкілеттіктер жоқ. Қызметтің құнын олар белгілейді. Әзірге жаңа хаттамаға көшу мерзімі 2023 жылдың 31 қаңтарына дейін белгіленді, бірақ бұған дейін ол мерзім орталық мемлекеттік органдардың жүктемесіне байланысты бірнеше рет ауыстырылды. Біз сіздің наразылығыңызды түсінеміз және Мемлекеттік кірістер комитетіне ұсыныс енгізуге дайынбыз, – деді А.Тойбазарова.
«Жайық KZ» БКМ Техникалық қызмет көрсету орталығының өкілдері микробағдарламаның құнын бағдарламалық жасақтама өндірушілері белгілейтінін түсіндірді:
- Бағдарламалық қамтамасыз ету бізге тиесілі емес. Біз жай ғана делдалмыз. Кодтарды сатып алып, оларды іске қосатын өндірушілер бар, олар өздері бүгінгі күні өте қымбат бағаны белгілейді. Ресми талап бар, оған сәйкес біз бағдарламалық жүйелерді Қазақстанда бас жеткізуші болып белгіленген компаниялардан ғана сатып алуымыз керек.
Палатаның баспасөз қызметі хабарлағандай, мәселе орталық деңгейде шешуді талап ететінін ескере отырып, Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасының мамандары талқылау қорытындысы бойынша облыстың басқа аудандары бойынша талдау жүргізу және «Атамекен» ҰКП-ға тиісті хат жолдау туралы шешім қабылдады.
Атырау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан СҮЙІНБАЕВТЫҢ айтуынша, бүгінде Жылыой ауданының 155 кәсіпкері мен Құрманғазы ауданының 81 кәсіпкерінен екі ұжымдық өтініш бар.
- Бизнес тарапынан түскен наразылықты орынды деп санаймыз. Сондықтан бұл мәселені мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдерімен бірлесіп талқыладық. Біздің позициямыз мынадай: егер мемлекет белгілі бір ойын ережесін белгілесе, онда олар орындалуы керек, онымен біз бәріміз келісеміз. Бірақ өзгерістер бизнес үшін қосымша ауыртпалыққа айналмауы керек. Салықтар мен алымдардан басқа, қазір кәсіпкерлер Салық кодексіне енгізілген жаңашылдықтар үшін өз қалтасынан төлеуге мәжбүр, сомалары қомақты. Біз «таза парақтан» реттеу шеңберінде мемлекет тарапынан өзгерістер бизнес үшін қосымша шығынсыз енгізілуі тиіс деп санаймыз, – деді Н.Сүйінбаев.
Айта кету керек, мемлекеттік кірістер департаментінің деректеріне сәйкес, Атырау облысында 23289 кәсіпкерге тиесілі 31 мың бақылау-кассалық машина тіркелген. Оның ішінде 10 мыңнан астамы деректерді берудің жаңа хаттамасына көшті.
Дайындаған Айнұр САПАРОВА
ӨКП жолдаған суреттер