Атыраулық айтыскерлер командасы жақында еліміздің барлық облысы мен басты қалаларынан 60 ақын қатысқан «Асыл домбыра» мегажобасының күміс жүлдегері атанды. Өткен жылдың қыркүйегінен бастап «Хабар» телеарнасы арқылы телекөрермендерге көрсетіліп келген мегажоба желтоқсан айының 31-де қорытындыланған еді.
Атырау облысынан Шынарбек ҚАБИЕВ (Атырау қ.), Сырымбек СӘРСЕНБАЕВ (Жылыой ауданы) және Шалқарбай ІЗБАСАРОВ (Қызылқоға ауданы) өнер көрсеттті.
Талап бойынша үш ақын команда құрып, жеребе бойынша жұпталды. Келесі кезеңге өту үшін командадағы үш ақынның кемінде екеуі жеңіске жетуі тиіс болып, ұтылған команда жарыстан шығарылып отырды.
Айтыс ардагері Шынарбек Қабиев бастап барған команда Атырау облысын жерге қаратпады. Бірінші кезеңде Ақмола облысының ақындарымен кездесіп, 3:0 есебімен жеңіске жетсе, екінші кезеңде Астана қаласының ақындарын 2:1 ұпаймен ұтып, келесі кезеңге өтті. Үшінші кезеңде Қызылорда облысының ақындарымен айтысып, оларды 2:1 есебімен жолдан қайырды. Ақтық финалда Жамбыл облысының ақындарымн айтысып, бір ұпай айырмашылықпен жеңіліс тапты.
Жобаны ұйымдастырушылар сыйлықты аямады. Асыл тастармен көмкеріліп, арнайы жасатылған «Асыл домбыра» мен 6 млн теңге сертификатын Жамбыл облысының ақындары еншілесе, екінші орынды қанағат тұтқан атыраулықтар 3 млн теңге сертификатқа ие болды. Үшінші орын алған Алматы қаласы мен Қызылорда облысының командасының әрқайсысына 1,5 млн теңгеден бұйырды.
Алайда жоба ұйымдастырушысы «ASSYLTAS» қоғамдық қорынының төрағасы Дулат ТАСТЕКЕЕВ атыраулық команда өнерін ұнатқаны соншалық, оларға да асыл тастармен безендірілген «Асыл домбыраны» табыстауды ұйғарған. Ол жақын күндері Атырау облысы әкіміне салтанатты түрде табыс етіліп, кейін облыстық тарихаи-өлкетану музейіне қойылатын болады.
Айта кетейік, ақын Шынарбек Қабиев айтыс сахнасына араға 17 жыл салып қайтадан оралған еді.
- Қазіргі айтыстың форматы, ақындардың жасы өзгерген. Әсіресе жас ақындардың жүлдеге таласқан кезде үлкеннің жасын сыйламай, көңілге ауыр тиетін сөздер айтатын кездері оғаш көрініп тұрды, - дейді айтыс ардагері. – Бәлкім, материалдық мүдде әсер ететін шығар: қазіргі кезде жеңімпазға көлік немесе миллионнан төмен қаржы бермейді. Бұрын біздер бір бет алғыс хатқа, 3х4 метр кілем мен 6 кесе, магнитофонға айтысатын едік.
Дегенмен, қазіргі жарыстан кейін Шынарбек аға айтысқа тұрақты қатысып тұру туралы ойға келген. Енді ол жай ғана қатысушы ретінде емес, ізбасарларына тәлімгер ретінде тұрақты түрде өтетін айтыс ұйымдастырып, үлкен сахнада өнер көрсетуге жол ашпақ.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ