Атырау, 28 қараша 18:58
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Шетелдік нөмірі бар көліктер шілдеге дейін тіркелуі тиіс

1 698 просмотра

Бүгіннен бастап қазақстандық азаматтар шетелдік көлікке сақтандыру полисін рәсімдеп, қолдана алмайды. Ал сақтандыруды 12 қаңтарға дейін рәсімдеп үлгергендер оның мерзімі біткенше жүруге рұқсат етілген. Шетелдік нөмірлері бар көліктерді қазақстандық тіркеуге қойып үлгеруге 6 ай уақыт қалды.

Бұл туралы толығырақ брифингте Атырау облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасы Процессингтік орталығының бастығы Жеңіс ДӘУЛЕТОВ баяндап берді.

Оның мәліметінше, шетелдік көліктердің қазақстандық есепке тұруына 1 шілдеге дейін уақыт бар:

- Қазақстандық есепке тіркеу үшін көліктер 2022  жылдың 1 қыркүйегіне дейін ҚР аумағына кірген, іздеуде тұрмаған, басқа мемкеттің тіркеуінде тұрғаны туралы мемлекеттік есептен шығарылған, кедендік тазартудан өткен болуы шарт. Егер көліктер осы талаптарға сай болған жағдайда, 200 мың теңге мөлшерінде алым мөлшерлемесімен тіркеуге тұра алады, - деді Ж. Дәулетов.

Шетелдік көліктерді тіркеу туралы өтінішті 23 қаңтардан бастап бере алады. Адвокат Айдос ИБРАИМОВТЫҢ айтуынша, көлікті шетелден өзі сатып алғандар үшін автокөлікті тіркеу оңайға тиеді.

- Шетелдік нөмірлі көлікті де, сары нөмірлі көлікті де тіркеу бірдей құжаттармен жүргізіледі, сары нөмірлі көліктерге жеңілдік қаралмаған. Мемлекеттік тіркеуден өту үшін ХҚКО барып, бастапқы алым 200 мың теңге төлеп, тіркеу куәлігі мен мемлекеттік белгісіне 13972 теңге төлеп, қазақстандық ақ номер ала алады. Егер көлікте шетелден бірнеше жыл бұрын әкеліп, кедендік құжаттары өзіңізде сақталмаған болса, онда уайымдаудың қажеті жоқ. Ең бірінші жасалған сақтандыру полисіне сәйкес қай уақытта елге кіргені автоматты түрде анықталады, - деді заңгер. - Ал шетелдік көлікті сенімхатпен алып, сенімхаттың мерзімі өткен немесе жоғалтып алған жағдайда, қайтадан сенімхат алуға тура келеді. Ең бастысы - көлік шетелде есепте тұрмау керек.

Айдос Ибраимовтың айтуынша, заңдағы «шетелдік көлікке сақтандыру полисі берілмейді» дегеннің екі мағынасы бар. Егер шетел азаматы шетелдік көлікті басқарып келе жатып, ол транзит арқылы басқа елге өтетін болса, бұл көліктерге сақтандыру жүргізіледі.  Ал Қазақстан азаматы шетел көлігін күнделікті пайдалану мақсатында сақтандырамын десе, оған сақтандыру полисі берілмейді.

- Бірнеше жыл бұрын шетелден сатып алынып, бір қолдан бір қолға сатылып жүрген көліктер тіркеле ме?

- Егер 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін ҚР аумағына кірген болса, шетелде тіркеуден шығарылып, кедендік тазартудан өткен болса ол көлік есепке қойылады.  

- Егер сақтандырылу мерзімі бітіп кетсе?

- Егер сақтандыру полисі 1 шілдеге дейін бітіп кетсе, онда көлігіңізді шарбаққа қойып қоясыз. Көлікті сақтандырусыз басқарған тұлғаларға  айыппұл салынып, көлігі айыппұл тұрағына қойылады.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суретті түсірген автор

14 қаңтар 2023, 00:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.