Атырау облысы бойынша экология департаменті «AМӨЗ» ЖШС-не қатысты апелляциялық соттың шешіміне қатысты ҚР Жоғарғы сотына шағымданбақ. Бұл туралы бүгін, 12 қаңтарда ӨКҚ-де өткен брифингте Атырау облысы бойынша экология департаментінің басшысы Әлібек БЕКМҰХАМЕТОВ мәлім етті. Белгіленген тәртіп бойынша Жоғарғы Сотқа тиісті кассациялық шағымды Республикалық экологиялық реттеу және бақылау комитеті беруге тиіс.
А.Бекмұхаметовтың айтуынша, өткен жылы «АМӨЗ» ЖШС-де бес тексеру жүргізілген: біреуі профилактикалық, қалғаны жоспардан тыс.
Атап айтқанда, өткен жылдың күзінде Атырау қаласының әкімшілік соты «AМӨЗ» ЖШС-не қоршаған ортаға эмиссиялардың бірқатар зауыт көздерін пайдалануға экологиялық рұқсат күшін 1 ай мерзімге тоқтатып, 5,6 миллион теңге айыппұл салды.
Сот экология департаменті жүргізген жоспардан тыс тексеру нәтижесіне сүйенді. Тексеру барысында 2022 жылғы 27 шілдеде сағат 17:07-де «KEGOK» АҚ желілерінің апатты түрде тоқтатылуына байланысты зауыттың электрмен қамтылуында кернеудің бірқатар төмендеуі орын алғаны, соның салдарынан технологиялық қондырғылардағы динамикалық жабдықтың бір бөлігінің істен шыққаны анықталды.
Бір айдан кейін Атырау облыстық соты АМӨЗ-дің апелляциялық шағымын қарап, «аса қажет жағдайда әрекет еткені үшін» бұл шешімнің күшін жойды. Енді экологтар мен зауыт арасындағы дау Жоғарғы сотта шешілмек.
Сондай-ақ, өткен жылдың қараша айында АМӨЗ-ге ауаны ластағаны үшін 3 430 560 теңге айыппұл салынғанын еске сала кетейік. Атырауда алынған 15 сынамада көмірсутек пен көміртек тотығы бойынша ШРК-дан асып кету (0,3%) анықталды.
Айнұр САПАРОВА