Биылдан бастап бастап кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы монетизациялау туралы шешім қабылданды. Бұл туралы Атырау облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат МӘМБЕТОВ мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Мұндай көмек атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыға беріледі. 2022 жылы әр балаға оның орташа мөлшері 6650 теңгені құрады. Табысы аз отбасындағы балаға 5174 теңге деңгейінде азық-түлік пен тұрмыстық қажетті заттар жиынтығы беріліп келді. Дегенмен, кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы алушылардан осы топтаманы ақшалай форматқа ауыстыру туралы ұсыныс көп түскен.
- Ұсыныстар ескеріліп, осы жылдан бастап кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы монетизациялау туралы шешім қабылданды. Монетизация атаулы әлеуметтік көмек алатын әрбір балаға ай сайын 1,5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қосымша ақшалай төлем түрінде жүзеге асырылды. Бұл ата-анаға баланың жеке қажеттілігіне байланысты керек тауарларды өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді, - деді А.Мәмбетов.
Айта кетейік, биыл облыс бойынша екі мыңдай бала әлеуметтік топтамамен қамтылады деп жоспарланып отыр.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА