Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы көрінеу жалған ақпарат тарату ісі бойынша апелляциялық шағымды қарап, бірінші сатыдағы сот үкімін өз күшінде қалдырды. Әңгіме Өзбекстан билігі автономиялық Қарақалпақстанды егемендігінен айыру туралы шешім қабылдап, бірақ қатты наразылыққа тап болған өткен жаздың оқиғалары туралы болып отыр.
Бұған дейін Атырау қалалық №2 соты 2022 жылдың 3 шілдесінде Facebook желісі арқылы Қарақалпақстан Республикасына митингілерді басу үшін Қазақстанның әскери бөлімшелері жіберілді деген ақпарат таратып, жұртшылықты наразылыққа шақырған әйелге қатысты үкім шығарған болатын. Іс ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабының 2-бөлігінің 3-тармағы («Бұқаралық ақпарат құралдарын немесе әлеуметтік желіні пайдалана отырып, көрінеу жалған ақпарат тарату») бойынша қаралды. Сотталушы кінәлі деп танылып, бір жылға бас бостандығын шектеу үкімі шығарылды.
Сотталушының қорғаушысы облыстық соттан үкімнің күшін жойып, оны ақтауды сұрағанымен, жоғарыда айтылған үкім өзгеріссіз қалдырылды.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА