2022 жылы интернетті әдейі өшіргеннен Тәжікстан экономикасына 2 млн доллар шығын келді деп хабарлайды Tpo10VPN.com.
Портал мәліметінше, былтыр Тәжікстанда жалпы алғанда 936 сағатқа интернетті сөндірген. Одан 78 мың адам зардап шеккен.
Осылайша Тәжікстан интернетті сөндіргеннен зардап шеккен 23 елдің ішінде 19-орында тұр.
Тәжікстанда наразылық кезінде интернет байланысын өшіру әдетке айналған. Сарапшылардың пікірінше, наразылық жайында жаңалық БАҚ-та, видео және суреттер әлеуметтік желілерде жарияланып кетпеу мақсатында интернет әдейі сөндіріледі.
Былтыр 17 мамырда Таулы Бадахшанда халық жаппай наразылыққа шыққан кезде бір жарым ай бойы бұл елді мекенде интернет байланысы болмады. Тек маусым айының аяғында ғана қосқан.
Оның үстіне Тәжікстан интернеті өте баяу істейтін елдер қатарына жатады. Мұны кезінде ел президенті де сынға алған.