10 қаңтарда Атырау облыстық сотының төрағасы Бауыржан ЖҰМАҒҰЛОВ сот ұжымына жаңадан тағайындалған облыстық соттың судьялары мен облыс соттарының төрағаларын таныстырды.
ҚР Президентінің 2022 жылғы 28 желтоқсандағы Жарлығымен НАҒАШЫБАЕВ Мирамбек Ибрагимұлы Атырау қаласының №2 сотының төрағасы қызметінен босатыла отырып;
ТАШЕНОВА Айгүл Қуанышбайқызы Атырау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы қызметінен босатыла отырып, Атырау облыстық сотының судьясы қызметіне тағайындалды.
Атырау қаласының №2 сотының төрағасы қызметіне ДЮСЕБАЛИЕВА Бахытгүл Сағынқызы Атырау қаласының мамандандырылған тергеу сотының төрағасы қызметінен босатыла отырып тағайындалды; Атырау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы қызметіне ХАБАРОВ Жанат Саматұлы Атырау облысы Индер аудандық сотының төрағасы қызметінен босатыла отырып тағайындалды.
Нағашыбаев Мирамбек 1960 жылы туған. Еңбек жолын Алматы қаласының тұрғын үй шаруашылығы трестінің заңгері болып бастап, кейін Алматы қаласының Әуезов аудандық сот учаскесінің сот орындаушысы боп қызмет еткен. 2003 жылдан 2007 жылға дейін Орал қалалық, Шыңғырлау аудандық соттарының судьясы болған. 2007 жылдан бастап Батыс Қазақстан облыстық сотының судьясы, кейін сот алқасының төрағасы лауазымдарында болған. 2017 жылдан бастап Атырау қаласының №2 сотының төрағасы лауазымында қызмет етті. Судьялық жұмыс өтілі – 20 жыл.
Ташенова Айгүл 1965 жылы туған. Алғашқыда Гурьев облыстық адвокаттар алқасының адвокаты, кейін Атырау облысы Балыкшы аудандық сотының судьясы болып қызмет атқарған. ҚР Әділет министрлігінің соттардың қызметін қамтамасыз ету Департаментінде басшылық лауазымдарда, Астана қаласының №2 аудандық сотының судьясы, төрағасы, Атырау облыстық сотының апелляциялық және кассациялық сот алқаларының төрағасы лауазымдарында болған. Атырау қаласының №2 сотының, Атырау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы болып қызмет атқарды. Судьялық жұмыс өтілі – 30 жыл.
Дюсебалиева Бахытгүл 1978 жылы туған. Өз еңбек жолын Д.А.Қонаев атындағы гуманитарлық институтының оқытушысы болып бастап, кейін "Ұлар Үміт" зейнетақы қорында, одан әрі Алматы қаласы Алмалы аудандық сотында бас маманы лауазымында жұмыс жасаған. 2009 жылы Атырау қаласының №2 сотының судьясы қызметіне тағайындалып, 2018 жылдан бастап Атырау қаласының мамандандырылған тергеу сотының төрағасы лауазымында еңбек етті. Судьялық жұмыс өтілі 13 жылға жуық мерзімді құрайды.
Хабаров Жанат 1985 жылы туған. Еңбек жолын 2003 жылы «Қазақстан Дизайнерлер Одағы» РҚБ Қызылорда облыстық филиалының заңгері болып бастаған, 2005 жылы Қызылорда облыстық сотының сот мәжілісінің хатшысы болып ауысқан, 2010 жылдан бастап Қызылорда облыстық сотында және Астана қалалық сотында пристав, аға сот приставы, бас маман болып қызмет еткен. 2014 жылы Атырау қаласының әкімшілік сотының судьясы лауазымына тағайындалған. 2019 жылдан бастап Атырау облысы Индер ацдандық сотының төрағасы лауазымында еңбек етті. Судьялық жұмыс өтілі 8 жылға жуық мерзімді құрайды.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі жолдаған суреттер