«Қазгидромет» РМК жергілікті филиалының ауа-райын болжау бөлімінің басшысы Айна ҚАЗҒҰЛОВАНЫҢ айтуынша, алдағы үш күнде өңірде арктикалық антициклон әсерінен жауын-шашынсыз қатты аяз болады.
- Атырау облысында ауа температурасы күндіз -18, -23 °C, түнде -22, -27 °C, облыстың солтүстігінде -30 °C дейін аяз күтіледі, - деді А. Қазғұлова.
Облыстық білім басқармасының басшысы Гүлнар СӘДУАҚАСОВАНЫҢ айтуынша, осы себепті 10 және 11 қаңтарда барлық сынып оқушылары қашықтан үйде оқитын болады.
Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, тұрғындарды жылумен қамтамасыз ететін «АтырауЖылуЭлектроОрталығы» ЖШС сыртқы ауа температурасына сәйкес бекітілген кесте негізінде жұмыс істейді.
Энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары Серікқали ҚАНАПИННІҢ айтуынша, облыста жылу беру маусымы әдеттегідей жалғасуда.
– Апатты жағдайлардың алдын алу үшін апатпен күрес бригадалары құрылды. Жалпы жылу беру маусымының барысы облыстық ведомствоаралық комиссияның тұрақты бақылауында.
Бүгінгі таңда облыста 412 білім беру нысаны, 144 денсаулық сақтау нысаны және 1798 көпқабатты тұрғын үй, оның ішінде облыс орталығында 1224 тұрғын үй жылумен қамтамасыз етілген.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА