Қытайда эпидемиологиялық ахуал қайта шиеленісті. Елде өткен желтоқсан айынан коронавирусты жұқтырғандар саны артып, өлім жітім көбейген, деп хабарлайды 24.kz.
Әлемнің кей елдері Қытайдан келетін жолаушыларды бақылауды қатаңдатуға көшті.
Әсіресе 25 миллион тұрғыны бар Шанхайда ахуал күрделі. Бейресми мәліметке қарағанда мұндай халықтың 70% дертке шалдыққан болуы мүмкін. Салдарынан ауруханаларда науқастарға толып орын жетіспей жатыр. Жергілікті жерлеу қызметінің өкілдері шаһарда өлім-жітім көбейгенін айтады. Тұрғындар дерттің тез таралып жатқанына алаңдаулы.
Ал бейресми дерекке қарағанда елде вирустан қайтыс болғандар қарасы да артқан. Себебі соңғы апталарда жерлеу бюроларының қызметіне жүгінушілер күрт өскен. Мысалы, Бейжіңде күн сайын 150-ге жуық мәйіт кремацияланады
дейді.
Зейнеткер:
- Мен биліктің жария етіп отырған деректеріне сенбеймін. Мәселен, менің таныстарымның отбасында коронавирустан 4 адам қайтыс болды. Бұл бір ғана отбасы. Сондықтан ресми стаистикаға күмәнмен қараймын. Біз шындықты білгіміз келеді.
Бірақ ресми Бейжің елде жұқпалы кеселден қайтыс болғандар саны аз деп отыр. Ресми мәлімет бойынша өткен күні дерттен бір адам көз жұмған.
Алайда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өкілдері бұл көрсеткішке күмәнмен қарайды. Тәуелсіз сарапшылар болса Қытайда күн сайын дерттен 9 мыңдай адам қаза тауып жатыр деген пікірде.
Тедрос Адханом Гебрейесус, ДДСҰ Бас директоры:
- Біз Қытайдан ауруханаға жатқызылған науқастар мен індеттен көз жұмғандар саны туралы нақты мәлімет сұрап отырмыз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ол жақта дерттің таралуынан төнген қауіпке алаңдаулы. Осыған байланысты екпе мен бустерлі дозаның маңыздылығын тағы атап өткіміз келеді.
Ахуалға байланысты әлемнің кей елдері Қытай азаматтарына қатысты шектеулерді күшейтіп жатыр. Ең алғашқылардың бірі болып Жапония Қытайдан келген азаматтарға тест тапсыруды міндеттеді. Еурокомиссия да жақында Одақ елдеріне Қытайдан келетін жолаушыларды бақылауды қатаңдатуды ұсынды.