Атырауда 3 миллиард теңгеге құрылысы аяқталмаған концерт залы сүріледі. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Жасұлан БИСЕМБИЕВ хабарлады.
Еске салсақ, бастапқыда нысанды «Бергеев» командасы кезінде 2012 жылы аяқтау жоспарланған болатын. Киноконцерт залын салу құны 3 миллиард 681 миллион теңгеге белгіленді. Одан кейін Атырау облысының экс-әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің командасы тұсында құрылыстың ҚНжЕ талаптары өрескел бұзылып, салынғаны белгілі болды. Облыс әкімінің сол кездегі орынбасары Тимуржан Шәкімов Құрылыс істері жөніндегі комитеттің ғылыми институтының қорытындысы бойынша темір-бетон құрылымының 90 пайызын бұзу керек, өйткені құлау қаупі бар екенін айтты. Нысанды түзетумен айналысу туралы шешім қабылданды, бірақ әлі күнге дейін бәрі сөз жүзінде қалды.
Осы уақыт ішінде құрылысы аяқталмаған ғимарат бос тұрды. Темірбетон құрылымдары ескірген, оларды алдағы уақытта пайдалануға болмайды.
«Концерт залы толығымен бұзылып, орнына жаңа шығармашылық орталық салынады. Қазір құрылысшылар мен салаға жауаптылар тиісті жұмыстарды атқаруда. Жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін бұқаралық ақпарат құралдарына ашық таныстырылым өткізіледі», - деді облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев.