Бұл туралы Атырау облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы Процессингтік орталығының бастығы полиция майоры Жеңіс ДӘУЛЕТОВ мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
ҚР заңнамасына сәйкес мемлекеттік тіркеуден өтпеген шетелдік автокөліктерді алғашқы тіркеуге 200 мың теңге мөлшерінде бір жолғы алым төлей отырып, жария етуді жүргізу міндеті қойылған болатын. Алайда аталған жоба осы жылдың 29 қарашасында жария талқылаудан өтуі үшін Ішкі істер министірлігінің ресми сайтында орналастырылды. Жария талқылау барысында халықтан келіп түскен барлық ұсыныс қаралады.
- Аталған жобаға сәйкес шетелдік автомобильдерді заңдастыру 2023 жылғы 1 қаңтардан басталып, сол жылғы 1 шілдеге дейін жалғасуы мүмкін. Заңдастыру туралы өтінішті электрондық үкімет порталы арқылы немесе тікелей мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына беруге болады. Барлық қажетті төлемдер өкілетті орган автомобильдерді заңдастыру туралы шешім қабылданғаннан кейін жүзеге асады, - деді Ж. Дәулетов.
Оның айтуынша, заңдастыруға жататын автокөліктер іздестіру базасында тіркелмеген болу керек. Сондай-ақ толық кедендік рәсімдеуден өтуі тиіс. Сонымен қатар оң жақ рульді автокөліктерді заңдастыру мәселесі де қаралуда екенін жеткізді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА