Атырау, 28 қараша 18:49
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Тұрғындар жалдау ақысын екі есе азайтуға мүмкіндік алды

1 244 просмотра

«Атырауда жалдау төлемдерін субсидиялауға өтінім қабылданып жатыр», - деп хабарлады Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат НҰРТАЕВ. 

Бүгінгі таңда облыс бойынша тұрғын үй кезегінде 28840 азамат тіркелген. Биыл коммуналдық тұрғын үй қорынан 24 адам және «Шаңырақ» бағдарламасымен 334 азамат тұрғын үймен қамтылып отыр. Жеке тұрғын үй қорында жалдау ақысын субсидиялау тетігі іске қосылды. «Отбасы банк» АҚ арқылы жалдау төлемдерін субсидиялауға өтінімдерді қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Аталған көмек түрі жалдау ақысының 50%-ын мемлекет, қалған 50%-ын алушы өз бетінше төлейді. 

- Бұл мемлекеттің қолдау түріне 4-санаттағы кезектегілер, атап айтқанда I, II топ мүгедегі, мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасылар, жетім және ата-ана қамқорлығынан айырылған балалар, көп балалы отбасылар жатады. Соңғы 6 айда отбасының әрбір мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1 еселенген шамасынан аспайтын табысы бар адамдар ала алады. Бүгінгі күнде келіп түскен өтінімдердің ішінде 81 адамға шарт жасалып, төлем берілуде. Төлемді жүзеге асыру үшін жергілікті бюджет есебінен 50 млн теңге бөлініп, нақты 4 млн теңге игерілді. Төлемдердің шығыстары үшін қаражаттың 80 %-ы республикалық бюджеттен және 20 %-ы жергілікті бюджеттен бөлініп отыр, -  деді Қ.Нұртаев. 

Сонымен қатар, оның айтуынша, облыс әкімінің қолдауымен бірқатар өңірлік бағдарламалар жүзеге асырылмақ. 35 жасқа дейінгі жастарды тұрғын үймен қамту үшін «Атырау жастары» өңірлік бағдарламасы бекітілді. Осы мақсатта бюджет есебінен 1 млрд теңге қаражат бөлінді. Алғашқы бағдарлама аясында 100-ге жуық жас маманды баспанамен қамту жоспары бар.

- Бүгінде тағы бір өңірлік «Бақытты отбасы - Атырау» бағдарламасын бекіттік. Бұл жерде бағдарлама талаптары жылдық мөлшерлемесі 4 пайызбен, бастапқы жарнасыз, несие беру мерзімі 20 жылға дейін белгіленді. Сонымен қатар қатысушыларға екі нарықтағы үйді алу мүмкіндігі беріледі. Бағдарлама аясында 100-ге жуық кезектегі көп балалы аналар, толық емес отбасылар және мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар қамтылады, - деді Қ.Нұртаев. 

Айта кетейік, келер жылда Жылыой, Индер, Мақат, Исатай, Қызылқоға аудандарында 800-ге жуық пәтер беру жоспарлануда.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

5 қаңтар 2023, 12:57

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.