Атырау, 28 қараша 20:40
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

KPI-дегі жұмыстан босату туралы + компанияның баспасөз хабарламасы

2 353 просмотра

«АЖ»-ға «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» (KPI) ЖШС-нің жұмыстан босатылған алпыс қызметкері жүгінді. Ал инженерлерден бастап департамент директорларына дейінгі барлық қызметкер алдағы уақытта жұмыстан босатылатындығы туралы хабарлама алған.

- 28 қарашада көптеген қызметкерге «құрылымның қайта құрылуына байланысты» қысқарту болатыны туралы хабарлама берілді, - дейді компания инженері Нина КРАСИЛЬНИКОВА. – Әрине, адамдар қобалжыды, бірақ басшылық бізге алаңдауға негіз жоқ, бұл Еңбек кодексіне қайшы келмейтін таза формальды рәсім, әркім өз жұмысын сақтайды деп айтты.

Қызметкерлер тынышталып, хабарламаларға қол қойды, бірақ бір айдан кейін басшылықтың олармен келісімшартты ұзартуды жоспарламағаны белгілі болды.

- Мен жылу техникалық жабдықтары инженері қызметінен қысқартылдым. Жаңа бастығым қызметке кірісер-кіріспестен, менің құқығымды және ҚР Еңбек кодексін бұзып, өз еркіммен жұмыстан кету туралы өтініш жазуымды талап етті, - деп сөзін жалғастырды Н.Красильникова. – Алдыңғы бөлім бастығының менің жұмысыма ешқандай шағымы болған емес. Мені ғана емес, басқа да инженерлерді, жетекші мамандарды қысқартты, олардың барлығы да жоғары білікті, көп жылдық тәжірибесі бар мамандар.

- Метролог болып жұмыс істедім, мен де себепсіз жұмыстан босатылдым, - дейді «KPI»-дің тағы бір қызметкері Кристина ГОРБАЧЕВА. – Жұмысыма баға беретін бірден-бір тікелей бастығымның маған ешқандай шағымы болған жоқ. Бірақ, мені тікелей бастығымның (бас метрологтың) келісімінсіз жұмыстан шығарып, орныма метрологияға еш қатысы жоқ басқа адамды қойып, тіпті менікінен екі есе көп жалақы тағайындады.

- Аты-жөнім Владимир ТРИАНДФИЛОВ, Атырау қаласының тумасымын. Еңбек жолымды 2016 жылы «Полимер Продакшн» ЖШС-де бастадым, қондырғы операторынан өндіріс басшысына дейін көтерілдім. 2021 жылдың қараша айында мен «KPI Inc» ЖШС-не «механикалық тұтастық жөніндегі инженер» ретінде жұмысқа орналастым, - дейді менің тағы бір сұхбаттасым. – Жалпы, мен бұл кәсіпорынға жұмысқа орналасуды сонау 2015 жылы жобалау кезеңінде жоспарлап едім, осы жұмысқа орналасқаныма қатты қуандым. Адал еңбек еттім. Бір жыл жұмыс істегеннен кейін өз бөлімімдегі жетекші инженердің бос орнына ауысқым келді. Директорым бастамамды мақұлдап, жұмысыма риза екенін, жоғарғы басшылардың алдында қолдау көрсететінін айтты. Бірақ 3 желтоқсанда жұмыстан қысқарту туралы хабарлама алып, оған барлық жұмысшыны 4 қаңтарда кері қабылдайды деп сендірген соң, қол қойдым. Келісімшартты қайта жасаудан бас тартатыны туралы қысқартудан бір апта бұрын естідім, бұл мүлдем күтпеген жағдай болды. 22 желтоқсанда директорым мені шақырып алып, жұмысымды атқара алмайтынымды, оның тапсырмаларын орындамай жүргенімді айтып, маған жаңа келісімшарт ұсынылмайтынын хабарлады. Мен сияқты 60 адам бар. 90 пайызы Атырау тұрғыны, бас инженерден бастап операторларға дейінгі мамандар...

– Менің химия өнеркәсібінде тәжірибем мол. Химия зауытында бастадым, содан кейін полимерлермен байланысты көптеген жобаларға қатыстым, - дейді ПП өндірісінің слесары Александр СИЛЬЧЕНКО. – Басқалар сияқты мені де өндіріс жөніндегі департамент директорына шақырып, келісімшартымның ұзартылмайтынын айтты. Қысқартылуымның себебі туралы сұраққа өндіріс директоры нақты жауап бере алмады. Жұмысыңыз бізге ұнамайды деді. Компанияда бір жарым жыл жұмыс істесем де, бірде-бір ескерту алмадым. Өз жұмысымды адал жасадым. Бұл шешім менің жұмысыма ешқандай шағымы жоқ тікелей жетекшіммен келісілмеді. Менің орныма әзірге ешкім тағайындалған жоқ, бірақ кадр мәселесін шешетін басшылыққа белсенділік танытқан кандидаттар бар.

– Штаттық кестеге сәйкес лауазымды қысқарту болған жоқ, менің орныма шымкенттік технолог, өндіріс бастығының келісімінсіз жұмысқа алынды, – дейді PDH өндіріс бастығының орынбасары Т.СӘНДІБАЕВ. – Еш себепсіз мені жұмыстан шығарды, болды. Өндіріс департаментінің директоры А.Қазеновпен (шымкенттік) сөйлескенде, ол жоғарыдан басшылардан бұйрық келгенін айтты. Нақты кімнен деген сұраққа жауап бермеді. Қазір жергілікті мамандарды өндірістен шығарып, негізінен Шымкент облысының жұмысшыларымен алмастырып отыр деп ойлаймын.

Жұмыстан шығарылғандар бұл науқанның барлығы «KPI Inc.» ЖШС басқарма мүшелерінің бірінің - Шымкент тумасының бастамасымен басталғанына сенімді, оның аты-жөнін де атады.

«АЖ» түсініктеме алу үшін компания басшылығына жүгінді. Түстен кейін және кешке бұл жөнінде KPI-де жиналыс өтіп, баспасөз хабарламасы дайындалғанымен, ол бірнеше рет өзгерді, міне, соңғы нұсқасы енді келді.

«KPI Inc.» ЖШС-де жүргізіліп жатқан қайта құрылымдау туралы»

Әлеуметтік желідегі "KPI Inc." ЖШС-де жергілікті қызметкерлерді жаппай жұмыстан босатып, орнына басқа облыстың мамандарын қызмкетке алып жатыр деген ақпарат шындыққа жанаспайды.

"KPI Inc.» ЖШС құрылыстың аяқталуына және интеграцияланған газ-химия кешенінің іске қосылуына байланысты компанияның ұйымдық құрылымында өзгерістер болғанын хабарлайды. Бұрын штаттық қызметкерлердің саны 631 адам болса, қайта құрылымдаудан кейін қызметкерлердің саны 628 болады.

Үздіксіз жұмысты қамтамасыз етіп, апат болдырмау мақсатында пайдалану персоналының саны ұлғайтылды. Құрылыс жұмыстарының толық аяқталуы мен кешеннің іске қосылуына байланысты құрылыс барысын қадағалаған мамандарды жоспарлы тарату жұмысы жүріп жатыр. Бірқатар маманмен еңбек шарты тек кешен іске қосылғанға дейін жасалған болатын.

“KPI Inc."компаниясы кадр саясатында қызметкерлердің кәсібилігі мен құзыреттілігін бағалау қағидасын ұстанады.

Қазақстан азаматтары мен БАҚ-тарды тек ресми дереккөздерге сенуге, арандатушылыққа берілмеуге және жалған ақпарат таратпауға шақырамыз. "KPI Inc." ЖШС іскерлік беделін қорғау мақсатында жалған ақпарат тарату фактілері бойынша сотқа жүгінетін болады».

Анастасия ШЕРСТЯНКИНА

«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ:
«KPI» ЖШС – Қазақстанның мұнай-химия өнеркәсібінің тарихындағы шикізатты терең өңдейтін бірінші ірі зауыт. Ол осы жылдың қараша айында ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ Атырауға сапары аясында ашылды. ЖШС қатысушылары үш компания – «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы (49,5%), Samruk-Kazyna Ondeu (49,5%) және «Фирма Алмекс Плюс» ЖШС (1%).
26 желтоқсан 2022, 23:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.