Бұл туралы Атырау облысының әкімінің орынбасары Жасұлан БИСЕМБИЕВ мәлім етті. Бүгінде облысымызда 1528 дәрігер, 5264 орта медицина қызметкері еңбек етеді. Олардың біліктілігін арттыруға жергілікті бюджеттен 550 млн теңге бөлінді.
- Облыстағы кадр тапшылығы басты назарда. Бүгінде өңірге анестезиолог-реаниматолог, жалпы тәжірибелі дәрігері, акушер-гинеколог, пульмонолог және инфекционист дәрігерлері аса қажет. Кадр жетіспеушілігін жою мақсатында бірқатар жұмыс атқарылуда. Атап айтқанда, 2021 жылдың желтоқсан айында Атырау қаласында Батыс Қазақстан Медициналық университетінің филиалы ашылып, қазір онда 12 дәрігер-резидент білім алып жатыр. Осы жылдан бастап өңірге тартылған медицина мамандары үшін бір реттік берілетін көтерме ақы мөлшерін ұлғайту көзделіп, Атырау қаласында дәрігерлер үйін салу мәселесін пысықтап жатырмыз, - деді Ж.Бисембиев.
Айта кетейік, облыста дәрігерлердің біліктілігін арттыру бірнеше жүйе бойынша іске асырылып жатыр. Олар шетелден келген медицина қызметкерлерінен білім алу, республикалық ғылыми-зерттеу орталықтарында және озық шетелдік клиникада тәжірибе алмасу сынды жүйе арқылы өз білімдерін 237 дәрігер шыңдады. Оның ішінде 13 дәрігер Германия елінен және 92 дәрігер Израйль елінен тағылымдамадан өтті. Израйль елінен келген онколог, неонатолог, анестезиолог-реаниматолог, педиатр, инфекционист, акушер-гинеколог, т.б мамандар өңірдің 132 дәрігеріне шеберлік дәрісін өткізді. Сонымен қатар, С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде өңірдің 500-ге жуық дәрігері мен мейірбикесі біліктілікті арттыру курсынан өтті.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді ӨКҚ ұсынды