Армения премьер-министрі Никол Пашинян Таулы Қарабақтағы орыс әскерін сынға алды. Оның сөзінше, әзербайжан белсенділері Арменияны аймақпен байланыстыратын жалғыз жолды жапқаннан кейін олар ешқандай әрекет жасаған емес, деп хабарлайды Азаттық радиосы.
Лачин дәлізі өткен аптадан бері қоршауда тұр. Белсенділер тобы армян билігі Таулы Қарабақта табиғи ресурстарды заңсыз өндіріп жатыр деп есептейді.
Пашинян үкіметтің бейсенбі күнгі отырысында аймақ гуманитарлық дағдарысқа тап болды деп мәлімдеген. Оның айтуынша, орыс әскері үш тарапты келісім аясындағы міндетін атқармай отыр.
Ал Әзербайжан билігі Лачин қоршауда қалмағанын, гуманитарлық көмек жіберіліп жатқанын мәлімдеді.
Бірнеше апта бұрын Пашинян ҰҚШҰ-ның Еревандағы саммитінде "әріптестер Бакумен қақтығыста Ереванды қолдаған жоқ" деп бірлескен мәлімдемеге қол қоюдан бас тартқан.
2020 жылдың күзінде алты аптаға созылған соғыста екі жақтан 6500-ден астам жауынгер опат болып, қараша басында Ресейдің араағайындығымен оқ ату тоқтатылған.
Әзербайжан әскері 1990 жылдары айырылып қалған Таулы Қарабақтағы жерін қайтарып алған. Келісімге сәйкес, ол жерге Ресейдің бітімгер әскері орналасқан.