21 желтоқсанда Атырау облысының әкімшілік соты азаматтық белсенді Макс БОКАЙДЫҢ ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына кандидат ретінде тіркеуден бас тартқан облыстық аумақтық сайлау комиссиясына қарсы талап-арызын қарады. Сот іс материалдарын зерттеп, талап арызды қанағаттандырудан бас тартты.
Сот бұл шешімді былай түсіндірді: «Сот талапкердің кандидатурасы «ҚР сайлау туралы» Конституциялық заңның 4-бабының 4-тармағының 1-тармақшасында белгіленген талаптарға сәйкес келмейді деген қорытындыға келді, өйткені оның заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар».
Еске салсақ, 2016 жылы Атырау қалалық №2 сотының үкімімен Макс Боқаев (фамилиясының жаңа нұсқасын былтыр алған – А.С.) «жер митингісінен» кейін ҚР ҚК 174-бабы («Әлеуметтік алауыздықты қоздыру»), 274 («Қасақана жалған ақпарат тарату») және 400 («Жиналыстарды, митингілерді, пикеттерді, көше шерулерін және демонстрацияларды ұйымдастыру және өткізу тәртібін бұзу») баптары бойынша бес жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Оның өзі кінәсін мойындамады, ал халықаралық құқық қорғаушылар оны «саяси тұтқын» деп атады.
Боқай жазасын өтеп, 2021 жылдың ақпан айында колониядан босатылды. Қазіргі уақытта оның соттылығы әлі жойылған жоқ: ҚР Қылмыстық кодексінің ол айыпталған баптары бойынша соттылығы жазасын өтегеннен соң 6 жылдан кейін жойылады.
Айнұр САПАРОВА