ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде Қазақстан бойынша жолдың сапасына баға берді, деп хабарлайды аедрмствоның баспасөз қызметі.
«Алдын ала жасалған қорытындыға сүйенсек, жергілікті жолдардың жағдайы Маңғыстау (95%), Жамбыл (95%) және Алматы (91%) облыстарында жақсы. Ал сапасы көңіл көншітпейтіндей жолдар Батыс Қазақстан (39%), Ақтөбе (66%) және Атырау (70%) облыстарына тиесілі», деп нақтылады Автомобиль жолдары комитетінің өкілдері.
Биыл еліміздегі 4,6 мың шақырымдай жергілікті автожол жөндеудің барлық түрімен қамтылып, оның 2,6 мың шақырымында тиісті жұмыстар аяқталды. Осы мақсатқа 372 млрд теңге бөлінгенін айта кетейік.
Қазақстанда өңірлердің ішіндегі жол инфрақұрылымын дамыту үшін 486 жоба іске асырылып жатыр. Оның ішінде 391 жоба бойынша күрделі және орташа жөндеу жұмыстары қолға алынса, жаңғырту мен тұтастай құрылысқа байланысты 95 жоба жүзеге асырылып келеді. Осы жылдың аяғына дейін автомобиль жолдарын жөндеуге байланысты 164 жобаны, сондай-ақ жолды салып, жаңғырту бойынша 6 жобаны соңына дейін жеткізу межеленіп отыр.
«Солтүстік Қазақстан облысындағы Лавровка – Чкалово автомобиль жолының 160-168 шақырымдай аралығын жаңғырту мен Қызылорда облысындағы Әйтеке би – Басықара аудандық маңыздағы көлік жолындағы көпірді жөндеуге байланысты жұмыстар аяқталуға жақын. Сондай-ақ Шымкенттегі шығыс айналма жолында жүргізіліп жатқан құрылыстың 1 кезеңі тәмамдалып қалды», деді ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің өкілдері.
Бұдан бөлек биыл Алматыдағы Абай даңғылының жалғасын абаттандыру бойынша да жұмыстар соңына дейін жеткізілмек. Бұл ретте аталған даңғыл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес іске асырылып жатқан Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының 6 радиалды тармағының бірі саналатынын айта кеткен орынды. Жүргізілген жұмыстардың қорытындысы бойынша еліміздегі жергілікті жолдар желісінің нормативтік жағдайы жыл соңына дейін 85%-ға жеткізіледі деп көзделіп отыр. Осы орайда өңірлерге де байланысты алдын ала қорытындылар шығарылыпты.
Астрахань жолы туралы министрлікте сөз қозғалған жоқ.