Атырау, 28 қараша 20:44
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Жолдардың нашарлығы, шаршаған жүргізушілер және жолақыны дұрыс төлеуден жалтаратындар

Сурет
1 748 просмотра

Атырау тұрғындарының көпшілігі қоғамдық көлікте қозғалыс кестесі сақталмайтынына, аязды күндері қала маңында жарты сағаттап автобус күтетіндерін айтып шағымданады. Негізгі тасымалдаушылардың бірі – «Ақжайық автопарк» ЖШС – оның 200-ге жуық автобусы облыс орталығындағы 17 бағытқа және 2 қалааралық бағытқа қызмет көрсетеді. Біз ЖШС директоры Қуантай ҚАЛМАНОВҚА бірнеше сауал қойған едік.

- Оқырмандардың бірі Геолог пен Томарлы бағытына қатынайтын №59 маршрутты 40 минутқа жуық күткенін айтты. Бұл бағытқа қанша автобус жүреді, ара қашықтығы неше минуттан болуы тиіс?

- Биыл қала әкімдігі бірнеше маршруттың шақырымын ұзартып жібергені белгілі. Бұрын №59 маршрут бойынша 8 автобус Геолог пен қала арасына қатынаса, қазір сол 8 автобус Көктем ықшамауданынан бастау алып, жолдағы округтердің бәрін аралап, қалаға кіреді. Маршруттың жолы ұзарғанымен, автобустар қосылған жоқ.  

- Қосымша автобус қосуға болмай ма?

- Биыл автобустардың істен шығуы жиілеп кетті, ал қосалқы бөлшектері тапшы. Желіге 8 автобустың өзі зорға шығады. Келер жылы әкімдік субсидия көлемін арттырса ,10 автобусқа дейін көбейту жоспарда бар.

- Өзімізге автобус жетпей жатқанда, Атырауға сатып алынған автобустар Ақтау мен Ақтөбе қалаларында маршрутта жүргені қалай?

- Қазіргі кезде 30 «Анкай» автобусымыз Ақтау қаласында маршрутта жүр. Ол 30 автобусты кезінде 2019 жылы «Атырау» ӘКК-дан сатып алғанбыз. Себебі билік қаладағы барлық бағыттағы маршруттар біздің ЖШС-ге беріледі деген еді. Бірақ берілмеді. Содан кейін біз «артық» қалған 30 автобусты Ақтау қаласына, 18 автобусты Ақтөбеге жалға бердік. Түскен табыс Атырауда автобөлшек алуға және лизинг жабуға кетіп тұр. Бүгінде шығынмен жұмыс жасап отырмыз. Биыл қосалқы бөлшекке 50 млн қарызымыз бар. Осыларды атап көрсетіп, әкімдікке келер жылы субсидияны көбейту туралы ұсыныс бердік. Сол кезде Ақтөбе, Ақтау қаласындағы маршруттарды қайтарып алар едік. 

Автобустардың шығынды ақтамауы жолаушыларға да байланысты болып тұр. Қазіргі кезде жолақыны толық төлеуі тиіс тұрғындар оқушылардың немесе мүмкіндігі шектеулі жандардың автобус картасын пайдаланып, автобуспен тегін жүретіндер көбейді. Кондуктор болмағаннан кейін жүргізуші барлық жолаушыны тексере алмайды.

- Жолаушылар автобус жүргізушілері дөрекі деп жатады.

- Бір жүргізушінің үстінен шағым түссе оған ескерту, сөгіс береміз. Себебі жұмыстан шығарсақ D санаты бойынша таңғы 6-дан бастап түнгі 11-ге дейін жүретін жүргізушіні табу қиын.

Қазір күніне 120 автобус маршрутқа шығады. Жүргізушілер екі күн демалып, екі күн жұмыс істеу үшін 250 жүргізуші болу қажет. Бізде бар болғаны 150 жүргізуші. Амалсыз қалған автобустарды 5 күндік жұмысқа шығардық.

- Сіздің жүргізушілеріңіз қанша алады?

- Жүргізушілер қолға 250-260 мың теңге алады. Мұндай жұмысқа бұл аздық етеді деп есептейміз, сондықтан олардың еңбекақысын өсіру үшін әкімдіктен субсидияны көбейтуді сұраймыз.

- Қалаға жаңа автобустар берілгеніне көп жыл өткен жоқ, көліктер тез бұзылып жатқан жоқ па?

- Жаңа автобустардың келгеніне 2-3 жыл болды. Бізде қала жолдарының нашарлығынан автобустар тез бұзылуда. Әсіресе қала сыртына қатынайтын автобустарда. Бізде көбіне автобустардың жүріс бөлігі жиі істен шығып қалады.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суретті түсірген автор 

26 желтоқсан 2022, 15:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.