Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлағандай, «Жыл кәсіпкері» номинациясын «Sultan Palaсe Hotel» ЖШС құрылтайшысы Гүлнар ЖОЛМҰХАНОВА иеленді.
«Үздік жас кәсіпкер» номинациясын Құрманғазы ауданы Құрманғазы ауылының 24 жастағы кәсіпкері Азамат Хабибуллин жеңіп алды. Ол кәсіпке 2017 жылы кіріскен, «Құралай» нан-тағам комбинатының иесі. Оның айтуынша, 2017 жылдан бері олар Құрманғазы ауданы тұрғындарының 60 пайызын нан өнімдерімен қамтамасыз етіп келеді.
- 16 округтегі 100-ден астам азық-түлік дүкеніне күнделікті пештен шыққан нан тағамдарын жеткіземіз. Еңбегімнің еленіп, елдің алғысын алып жатқаныма қуаныштымын, - деді А.Хабибуллин.
«Үздік сәтті старт» номинациясымен Атырау қаласының «Риза», «Булки Хауз» ЖК директоры Ұлболсын Ерубаева, «Үздік қызмет саласы» номинациясымен Исатай ауданының «Игілік» ЖК директоры Нұркен Ғайдаров, «Үздік әйел кәсіпкер» номинациясы бойынша Атырау қаласынан «Избасова Б.А» ЖК директоры Бибігүл Ізбасова, «Үздік отбасылық бизнес» номинациясы бойынша Қызылқоға ауданынан «Серик» ЖК директоры Серік Ажайпов, «Үздік сауда саласы» номинациясы бойынша Махамбет ауданынан «Алишер» ЖК директоры Әлішер Таңатарұлы, «Үздік өндіруші» номинациясымен махамбеттік «Дастан» ШҚ директоры Қоныс Ерманов, «Туризм саласының үздігі» номинациясымен «Нұрлы-Тал» ЖШС директоры Гүлжан Күзекешова, «Үздік екінші деңгейлі банк» номинациясымен «Еуразиялық банк» АҚ АФ директоры Әлия Өтепқалиева марапатталды.
- Жыл сайын облысымызда мемлекеттік және жергілікті бағдарламаға қатысушылардың, соның ішінде ауылдық жердегі кәсіпкердің саны артып, нәтижесінде бюджетке түсетін салық көлемі артты. Жұмыс орындары ашылып, жаңа нысандар іске қосылды, - деді салтанатты шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев. - Осы ретте облысымыздан үздік деп дараланған кәсіп иелерін бүгінгі жеңісімен құттықтап, еңбектеріңізге жеміс, табыстарыңызға береке, кәсіптеріңіздің нәсібін көрулеріңізге тілекшімін.
Дайындаған Айнұр САПАРОВА
ӨКҚ жолдаған суреттер