2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап бірқатар тарифтік жоспарлардың құнын көтеруді жоспарлап отырған «Қазақтелеком» АҚ-ның тактикасы Атырау жұртшылығының наразылығын тудырды.
«Қазақтелекомнан» ұялы телефонға хабарлама алмаған адам кемде-кем шығар. Хабарламада абоненттерге 30 күннен кейін олар пайдаланып жүрген тарифтік жоспардың өзгеретіні және қосымша төлеуге тура келетіні ескертілген.
Атырау облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті мен «Қара шаңырақ Қазақстан» ҚБ бұл тақырыпқа қызығушылық танытып, қолданыстағы заңнама нормаларын зерделеп, бірауыздан «Қазақтелеком» АҚ-ның әрекеті абоненттердің тұтынушылық құқығын бұзды деген пікірге келді.
Белгілі болғандай, «Байланыс қызметтерін көрсету қағидаларын бекіту туралы» заң бар, онда тариф шарттарын өзгертуге қатысты нақты талаптар көрсетілген. Үзінді: «Байланыс операторы және Интернетке қол жеткізу қызметін жеткізуші оператор абоненттің келісімімен байланыс қызметтері тарифінің шарттарын өзгертеді. Бұл туралы оған қоңырау шалып және қажет болған жағдайда оларды қолданысқа енгізгенге дейін күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей хабардар етеді».
Ал «абоненттің келісімі» ұғымы тарифті өзгертуден бас тарту туралы өтініштің жоқтығымен бейнеленеді. Яғни, егер сіз үндемей отырсаңыз, бұл сіз көбірек төлеуге келісесіз дегенді білдіреді.
Сондықтан, Facebook қоғамдастығында жоғарыда аталған ведомстволар абоненттерді тарифтік жоспарды өзгертуге келіспейтінін білдіріп, «Қазақтелеком» АҚ-на жүгінуге және сол арқылы ұлттық байланыс операторының тариф шарттарын біржақты өзгерту жоспарын бұзуға шақырды.
Айта кету керек, «Қазақтелеком» бұл жазбаға тез жауап берді: «Өкінішке орай, біздің компания да кез келген басқа компания сияқты сыртқы факторларға ұшырайды. Жабдық пен оны ұстауға, Қазақстанда өндірілмейтін материалдарға кететін шығындар өсуде, шетелдік (ең алдымен ресейлік) интернет-трафикті тұтыну көбеюде. Қазіргі жағдайда біз қызметтеріміздің тарифін төмендетуге кепілдік бере алмаймыз. Бұл ретте бізде бағаны белгілі бір мерзімге ұстап тұруды қалайтын абоненттер үшін ұсынысымыз бар – бұл ұзақ мерзімді келісімшарт ұсыныстары жүйесіне арналған тарифтік жоспарлар. Келісімшарт жүйесінің негізгі қағидасы – келісімшарттың мерзімі неғұрлым ұзағырақ болса, біздің абонент төлейтін ай сайынғы төлемге соғұрлым көп жеңілдік болады. Түсіністік танытады деп үміттенеміз…».
Сондай-ақ, «Қазақтелеком» өз жауабында өзгерістер компаниямен ұзақ мерзімді келісімшарттары жоқ қарапайым абоненттерге ғана қатысты екенін түсіндіреді. Яғни, бұл сіз бен біз туралы.
Артық төлем жасамау үшін компаниямен ұзақ мерзімді келісімшарт жасауға болады, бірақ қазан айынан бастап үйдегі интернеттің сапасы айтарлықтай төмендеді. Мұны байқамаған Wi-Fi қолданушы жоқ шығар. Бәлкім, «Қазақтелеком» АҚ өзін алмастырушы іздеп жүрген абоненттерін сақтап қалу үшін осындай күрделі әдіспен әрекет жасап жатқан шығар?
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА