Атырауда Жаңа жылды тойлауға, оның ішінде қаланың бас шыршасын сатып алуға бюджеттен 31,3 млн теңге бөлінді.
Бес жыл қатарынан Исатай мен Махамбет алаңында бір шырша әр түрлі безендіріліп тұрған еді. Мысалы, оған екі рет ұлттық ою-өрнектері бар пластикалық панельдер ілінді, эстетикалық тұрғыдан бұл бәріне бірдей ұнамады, жергілікті тұрғындар оны «погонды шырша» деп атады. Биыл қала әкімдігі тағы бір жаңажылдық шырша сатып алуды ұйғарды. Оның әшекейі қандай болатыны бізге белгісіз, бірақ «погон» болуы неғайбыл.
«АЖ» сауалына берген жауапқа сүйенсек, алдағы жаңажылдық іс-шараларға бюджеттен 31,3 миллион теңге бөлінген. Бұл сомаға, атап айтқанда, Исатай мен Махамбет алаңына 12 метрлік бас шыршаны сатып алу; Нұрсая, Привокзальный (Арбат) ықшамаудандарында және Д.Нұрпейісова атындағы музыка академиясы маңына тағы үш (әрқайсысы 9 метр) жаңа шырша орнату жоспарлануда. Дегенмен орындары ауысуы мүмкін.
«Биыл қаланы безендіру кезінде ескі әшекейлер қайта пайдаланылады», - деп жауап берді әкімдіктегілер. Оның ішінде шағын сәулет пішіндері, жаңа жылдық жазулар мен облыс орталығының әр ауданында орнатылатын екі метрлік бес шырша бар.
Еске салсақ, 2020 және 2021 жылдары карантин шектеулерңне байланысты Жаңа жыл мен мерекелік безендіруге ақша бөлінген жоқ. Ал 2019 жылы бұл сома 43,7 млн теңгені құраған.
Лев ГУЗИКОВ
«АЖ» мұрағатынан алынған суреттер