Стамбулда мыңдаған тұрғынның қала мэрі Экрем Имамоғлыны қолдап, көшеге шыққанына екі күн болды. Бұған дейін сот оны "орталық сайлау комиссиясының өкілін балағаттағаны үшін" 2 жыл 7 ай түрмеге кескен, деп хабарлайды Азаттық радиосы.
Имамоғлыға тағылған айып 2019 жылғы Стамбул мэрін сайлаумен байланысты. 31 наурызда өткен сайлау кезінде Имамоғлы жеңіп шыққан. Алайда орталық сайлау комиссиясы оның нәтижесін жойып, 23 маусымда қайта өткізген. Екінші рет те жеңіп шыққан Имамоғлы сайлау нәтижесінің күшін жойғандарды "ақымақ" деп атаған.
Сот үкімі бірнеше рет шегеріліп, 14 желтоқсанда ғана оқылған. Түрме жазасынан бөлек, судья Имамоғлыға саясатпен айналысуына да тыйым салды.
Сарапшылар Имамоғлыны 2023 жылғы президент сайлауында қазіргі басшы Режеп Ердоғанның басты қарсыласы деп атаған. Егер сот үкімі күшіне енсе, саясаткер Стамбул мэрі қызметінен шеттетіліп, сайлауға қатыса алмайды.
Имамоғлыны қорғау жағының сот үкімін апелляцияға беруге мүмкіндігі бар. Үкім Түркия конституциялық сотында да қаралуы мүмкін.