14 желтоқсанда Қазақстандағы ең ірі әуе компаниясы «Эйр Астана» өзінің авиациялық-техникалық орталығында түнде тікелей Гамбургтегі зауыттан келген жаңа Airbus A321LR ұшағын таныстырды. Бұл оныншы Airbus – ол әуе компаниясының 20 жылдығына тура келді. Шараның ресми бөлігіне ҚР Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат ЛАСТАЕВ, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек ӨСКЕНБАЕВ және әуе компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Нұржан БАЙДӘУЛЕТОВ қатысты.
Әуе компаниясының президенті Питер ФОСТЕР биыл Air Lease Corporation компаниясымен жасалған келісімшартқа сәйкес кең фюзеляжды үш жаңа Boeing 787-9 Dreamliner ұшағын жеткізу жоспарланып отырғанын айтты.
Бұл туралы әрі қарай ИИДМ басшысы әңгімеледі. Ұлттық тасымалдаушыны мерейтойымен құттықтаған Қ.Өскенбаев компанияда 5,5 мың қазақстандық жұмыс істейтінін атап өтті. «Біздің авиация саласы өте қиын жағдайда қалыптасты. Тәуелсіздік алған күннен бері бірнеше әуе компаниясы құрылғаны есімде», - деді министр. Ол 2002 жылы «Эйр Астана» үш ұшағы бар шағын компания болғанын және «бүгінгі таңда еліміздің ішкі әуе тасымалына қатысатын барлық ұшақтың жартысына жуығы осы әуе компаниясына тиесілі» екенін еске салды.
Қ.Өскенбаев биыл Қазақстанның әуе флоты 14 ұшақпен толықтырылса, 2025 жылға қарай олардың саны 51-ге дейін көбейетінін айтты. «Бұл көбейіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыру үшін және рейстердің кешігуін азайту үшін жасалып жатыр», - деді ведомство басшысы.
Сондай-ақ ол Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе рейсін ашу жұмысы аясында «Эйр Астана» үш Boeing-787-9 ұшағын сатып алуға келісімшартқа отырғанын айтты. Лайнерлер тасымалдаушы флотына 2025 жылдың бірінші жартысында түсіп, «ең алыс нүктелерге тоқтаусыз магистральды ұшуға мүмкіндік береді» деп жоспарлануда.
ААК төрағасы Талғат Ластаев құттықтау сөзін қысқа қайырды.
Ресми бөлімнің соңында Питер Фостер сахнада тұрған құрметті қонақтарға әуе компаниясының логотипі бейнеленген дөңгелекті фирмалық чемодандарды табыс етті. Осы кезде қошеметтеуді бөлген ИИДМ басшысы микрофонды қайта алды. «Әрине, мемлекеттік қызметкер ретінде мен мұндай сыйлыққа өте қуаныштымын, бірақ мұндай сыйлықты қабылдауға құқығым жоқ болғандықтан, оны қайта тарту етуге немесе қатысушыларымыздың арасында ұтыс ойнатуға бола ма?», - деді министр залға қарап. Сол кезде бір қыз қол бұлғады, Өскенбаев оған өз сыйлығын қуана табыстады. Қалған қонақтар министрден үлгі алды.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА, «АЖ» меншікті тілшісі, Астана қ.