Атырау облысы ТЖД департаментінің қызметкерлері бір аптадан бері Каспий теңізі жағалауында жанып жатқан қамыс өртімен күресіп жатыр.
Айта кету керек, айналасы батпақты жер болғандықтан, ол жерге өрт сөндіру автотехникасының баруы мүмкін емес. Сондықтан өрт сөндірушілер өртті жаяу тәртіппен сапалақтардың көмегімен өшіруде. «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК АҚ-ның ғарыштан түсірілген суреттеріне сәйкес, жанған аумақ алаңы – 1500 га-дан астам.
Атырау облысы ТЖД күшімен және «Ақ Жайық» ТМР қызметкерлерімен бірлесіп, 9-15 желтоқсан аралығында 40 га астам жанған жер сөндірілді. - Бүгінде шамамен 3 га аумақта қамыс бықсып жатыр. Өрт сөндіру жұмыстары жалғасуда. Оған ТЖД-нің 16 қызметкері мен 1 техникасы және «Ақ Жайық» табиғи резерватының 12 қызметкері мен 3 техникасы жұмылдырылды. Елді мекендер үшін қауіп жоқ. Өрт жағдайына күнделікті мониторинг жүргізіліп отыр, - деп хабарлады Атырау облысы ТЖД Қоғаммен байланыс тобы.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА