Атырауға Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам ЖҮРСІНОВ пен «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Ербол ӨСТЕМІРОВ жұмыс сапарымен келді. Өңірлік кәсіпкерлер палатасында олар жергілікті бизнесмендермен кездесіп, проблемаларын тыңдады.
Қордаланған мәселе көп. «Атырау қаласының жолаушылар тасымалы қауымдастығы» Атқарушылық іс жүргізу органдары және заңды тұлғалар (АІОжЗТ) басшысы Жасұлан БИСЕНОВ бастады:
- Бүгінде жалпыға бірдей белгіленгендерден басқа, азаматтардың қосымша екі санаты бойынша жеңілдікпен жол жүруді жүзеге асырамыз. Бұл ретте бірде-бір құжат тиісті нормативтік-құқықтық актімен бекітілмеген, әкімдік пен жолаушыларды тасымалдауды жүзеге асыратын компаниялар арасында ауызша уағдаластық қана бар. Осы себепті, бүгінгі күнге дейін ешқандай өтемақы ала алмадық және осы қызметтерді көрсету шығындарын өзіміз көтеріп отырмыз. Нәтижесінде 2019-2022 жылдары көрсетілген қызметтердің жалпы құны 1,3 млрд теңгеден асты. Бізге тек 785 млн теңгені өтеді.
Оның айтуынша, қалалық мәслихаттың «Атырау қаласы азаматтарының жекелеген санаттарына қалалық және қала маңындағы қоғамдық көліктерде (таксиден басқа) жол жүру жеңілдіктерін белгілеу туралы» биыл ғана шешім қабылдаған. Әзірге тасымалдаушылар ешқандай төлем алмаған.
Бұған Р.Жүрсінов облыс әкімімен кездесу кезінде, әкімнің жолаушылар тасымалын субсидиялау бойынша еш қиындық жоқ екенін айтқанын жеткізді.
- Ал өтемақы мәселесін шешу үшін біраз уақыт керек екен. Жергілікті жерлердегі әріптестерімнен осы мәселені шешуге қосылуын сұрар едім, өйткені бұл әлеуметтік мәні бар мәселе, - деді Р.Жүрсінов.
ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК ҚАЙДА?
Өңірімізде бизнес саласындағы тағы бір проблемалық мәселе - бірқатар кредиттік серіктестіктердің «Атырау «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ алдындағы берешегі. Кездесуде кредиттік серіктестіктерге кірген кәсіпкерлердің тоғыз жыл бұрын ортақ жауапкершілікпен несие алып, несиелік серіктестерінің несиені төлемеуінен проблемаға тап болғаны айтылды. Әсіресе бұл ауыл кәсіпкерлеріне қатысты. Олар бірлескен қарыз алушылар қатарына кіріп, төленбеген несиелік міндеттемелер үшін толық жауап беретін жағдайдың құрбаны болды. Енді олардың ешқайсысы өздерінің кәсіпкерлік қызметін жалғастыра алмай отыр. Өйткені сот орындаушылары олардың шоттарына тыйым салды, мемлекеттік кірістер органдарында тіркеуге тыйым салынды, банктерден несие ала алмайды, елден шыға алмайды. Сондықтан кәсіпкерлер оларды ортақ жауапкершіліктен босатуды және шарт талаптарын бұзған жауапкерлерден қалған берешекті өндіріп алуды сұрайды.
Рустам Жүрсінов:
- Бұл мәселені облыс әкімімен талқыладық. Түбегейлі шешім мынадай: кредиттік серіктестіктің адал қатысушылары, яғни уақтылы төлем жасап отырғандар, жауапкершіліктен босатылады. Мәселені шешудің екі нұсқасы бар: біріншісі – ӘКК-мен келісім жасасу, екіншісі - сот арқылы. Дәл осындай жағдай Шығыс Қазақстан облысында да орын алған еді.
Одан бөлек, кәсіпкерлер мемлекеттік органдар тарапынан заңсыз тексеру мен негізсіз қылмыстық қудалау жасалатынана шағымданды. Атап айтқанда, «Сенімді құрылыс» ЖШС өкілдері теңіз кенішіндегі үшінші буын зауытының құрылыс алаңында екі жұмысшының көз жұмғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартып жатқанын баяндады. Компанияның құқығын қорғап жүрген заңгер Ескендір Әлімбаевтың айтуынша, бұл арнайы комиссияның қорытындысына қарамастан, сот-құрылыс сараптамасы, басқа компания мамандарының қорытындысы мен тергеу экспериментінің қорытындысы бойынша қызметкерлердің өздерінің тарапынан қауіпсіздік ережесін бұзу фактілері анықталғанына қарамастан жасалып жатыр.
Айта кету керек, «Сенімді құрылыс» ЖШС адамгершілік және әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарын басшылыққа ала отырып, қаза болғандардың отбасыларына жалпы сомасы 100 миллион теңгеден астам материалдық көмек көрсеткен. Алдағы уақытта да бұл көмек жалғасады. Сондай-ақ, сақтандыру компаниясы заңда белгіленген тәртіппен балалары белгілі бір жасқа толғанға дейін қаза болғандардың отбасына асыраушысынан айырылған жағдайда берілетін өтемақыны төлейді.
Жүрсінов Атырау облысындағы өкіліне бұл мәселені Бас прокуратурамен бірлесіп пысықтауды тапсырды.
Айнұр САПАРОВА
ӨКП жолдаған суреттер