Істі қарауға ұялы байланыс операторы абоненттерінің біржақты тәртіпте және олардың келісімінсіз тарифтік жоспардың өзгеруіне қатысты шағымы себеп болды.
Әлеуметтік желілерде жергілікті тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің «Кселл» АҚ-ға қарсы сотқа берген шағымының мәтіні тарап жатыр. Департамент басшысы Әлем УӘЛИЕВТЕН істің және талап-арыздардың мән-жайына қатысты түсінік беруді өтінген едік.
– Алдымен, бір мәселе бойынша он немесе одан да көп тұтынушы хабарласқан жағдайда, белгісіз тұлғалардың құқықтарын қорғау мақсатында сотқа жүгінуге құқығымыз бар екенін айтайын. Ал жақында біздің департаментке «Қара шаңырақ Қазақстан» қоғамдық бірлестігінен Kcell абоненттері тобының заңды мүдделерін қорғау туралы өтінішпен хат келді. Осы өтінішті қарау барысында ұялы байланыс операторы тарапынан тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы бірқатар нормативтік құқықтық актілерді бұзу фактілері анықталды, - деп түсіндірді ол.
Оның айтуынша, Kcell компаниясы өз қызметтерін көрсету туралы жария келісімге абоненттердің құқықтарын бұзатын шарттар енгізген.
Мәселе мынада. Көптеген Kcell пайдаланушылары оператордан тарифтік жоспардағы алда болатын өзгерістер туралы кемінде бір рет SMS-хабарлама алған шығар. Мұндай әрекет және біржақты тәртіпте көрсетілген жария шартта жазылған. Бұл ретте, абоненттің үнсіз қалуы шарттарды өзгертуге келісімін растау және оператор қызметтерін пайдалануды жалғастыруы болып табылады. Бұл, талапкердің пікірінше, Азаматтық кодекстің нормаларын, сондай-ақ ұялы байланыс қызметтерін көрсету ережелерін бұзу болып табылады. Онда біріншіден, тарифтік жоспарларды өзгертудің себептері көрсетілген, ең бастысы, бұл абоненттің үнсіздігі оның жаңа тарифтермен келісетінін білдірмейді.
- Істі сотқа жеткізбеуге тырысып көрдіңіз бе?
- Әрине тырыстық. Заң бойынша міндеттіміз. Әуелі біздің департамент Kcell бас кеңсесіне ресми хат жолдады – компания басшылығына бұзушылықтарды өздігімен жою ұсынылды. Бірақ олар бас тартты.
- Компанияның бас тартуға уәжі болған шығар?
- Иә, олар, атап айтқанда, оператордың жеке кәсіпкерлік субъектісі ретінде өз қызметтеріне баға белгілеуге құқығы бар екеніне, сондай-ақ абоненттің қашан да басқа тарифтік жоспарға ауысуға құқығы бар екеніне немесе қызметтен мүлде бас тартуға болатынын алға тартты. Бірақ біз оператордың осы және басқа да уәждерін негізсіз деп санадық, содан кейін «Кселл» АҚ-на сотқа дейінгі ресми талап арызбен жүгіндік. Бұл талапты елемеді. Талап арызға жауап сотқа арыз бергеннен кейін ғана келді. Бұл жауап біздің ұсыныс хатымызға бас тартқан жауаптың көшірмесі болды.
Енді, Ә.Уәлиев айтқандай, департамент үш талап қойған:
- «Kсell» АҚ әрекетін заңсыз деп тану;
- абоненттердің құқықтарын бұзатын жоғарыда көрсетілген шарттарды жария шарттан алып тастауды міндеттеу;
- «Kсell» АҚ-ын абоненттерге ақшаны қайтаруға немесе жария шарттағы дауланған нормасының қолданыста болған мерзімін қайта есептеуге міндеттеу. Тек шағым түсіргендерге ғана емес, еліміздің барлық абоненттеріне.
Лев ГУЗИКОВ