Иран астанасы Тегеран қаласында 23-29 қараша аралығында таэквондодан әскерилер арасында CISM әлем чемпионаты өтті.
Дүбірлі додаға әлемнің 20-дан астам елінен 300 спортшы, ҚР қарулы күштер командасының атынан 11 спортшы, соның ішінде, өңірімізден үш таэквондошы қатысты. Үшеуі де медаль иеленді.
57 келіге дейінгі салмақта Мария Севостьянова алтын, 49 келіге дейінгі салмақта Нұрай Бауыржанова күміс және 73 келіге дейінгі салмақта Жансель Дениз қола жүлдеге ие болды.
- Осы чемпионатқа екі ай дайындалдық, бірнеше мәрте оқу-жаттығу жиындары өтті. Халықаралық аренада ел абыройын асқақтатса – бұл мен үшін үлкен бақыт, - деді аға жаттықтырушы Сәуле Сардарова.
Айта кетейік, қазіргі таңда Атырау облысының спорт мектептерінде 1031 спортшы таеквондомен айналысады.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
ӨКҚ жолдаған суреттер