Нұрсая ықшам ауданының кей тұрғын үйлері жылуға жарымай отыр. Тұрғындар бір аптадан бері тоңып, үйлерінде ыссы судың да тоқтап қалғанын айтады.
Индира МҰХАНОВА, №46 үйдің 5-қабатында тұрады. Ол жылудың кеше берілгенін айтады. Бірақ, қайта өшіп қалған. Жылу мәселесі бұл үйде бірнеше жылдан бері шешілмей келеді дейді.
- 5 желтоқсанда жылу берді, бірақ қайта өшіп, таңға дейін болмады. Енді жылу бергенімен әлі жылына алмай тұр үй іші. Үйде курткамен отырмыз. Он жыл болды бұл үйде тұрғаныма. Соның бес жылында жылумен алысып келеміз. Қыс басталса осы, жылудан проблема, су ысымайды, қанжылым, ал жазда жанып тұрады. Жақында тіпті су сап-салқын болды. Оның үстіне біздің үйлер жұқа, тесік тастармен салынған, - дейді И. Мұханова.
Болашақ (Нұрсая-2) мөлтек ауданына жылу құбырларына ағымдық жөндеу жұмыстары жаз айында жасалды. Аталған мөлтек ауданда 6 желтоқсанға қараған түнде газ реттегіш құрылғы істен шыққаны анықталып, тұрғын үйлерде жылу және ыстық су желілері уақытша тоқтатылған болатын.
«АЖ» сауалына Атырау әкімдігі былай деп жауап берді: «Әкімдік арнайы мамандандырылған мекемелерді жұмылдырып, тұрғын үйлерді қайта жылуға қосты. Қазіргі уақытта әкімдік мамандары әр пәтерде жылу бар-жоғын тексеріп жатыр. Мәселен, жылу құбырының соңында орналасқан №46 көп қабатты тұрғын үйге қосалқы жылу айналдырғыш (насос) құрылғысы орнатылды. Бұл жағдай облыс әкімінің тікелей бақылауына алынғандығын ескерте отырып, үй тұрғындармен ортақ чат, құрылып әр пәтерішілік жылу желілері тексеріліп жатқандығын хабарлаймыз.
Сонымен қатар, тозығы жеткен жылу қазандықтарын жаңалау мақсатында қалалық ТКШ бөлімі қосалқы 3 дана жылу қазандығына ашық электрондық конкурс жариялап, жеңімпаз мердігер мекеме «Жахан Атырау» ЖШС болып танылды. Мердігер келісім шарт негізінде Тұлпар м/а-на 1 дана жылу қазандығын орнатты, ал қалған 2 дана жылу қазандығы 11желтоқсанға дейін келетін болады.
Жылу қазандығы орнатылатын тұрғын үйлер:
1. Тұлпар м/а, 71,72,73,74,75,76,77,78-үйлер
2. Болашақ м/а, 46,47,48,49,50,51,52,53,54-үйлер
3. Нұрсая м/а, 34,36,38,40-үйлер».
Айнұр САПАРОВА