Атырауда көлік ұрлап, қоқыс жәшігіне жасырынған ер адам ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
5 желтоқсан күні кешке 49 жастағы әйел “102” арнасына хабарласып, осыдан бес минут бұрын өзінің үйінің алдында оталып тұрған Nissan Almera автокөлігін белгісіз адам заңсыз айдап әкеткенін айтты.
Тәртіп сақшылары «Сергек» арқылы автокөліктің көпірлердің біріне бағыт алып бара жатқанын анықтап, патрульдік полиция қызметкерлеріне бағыттама береді. «Батыс-15» экипажының қызметкерлері автокөлікті Махамбет-Сатыбалдиев көшесінің қиылысында тоқтатқан кезде күдікті полиция қызметкерлеріне бағынбай, автокөлікпен қашып кетеді.
Бұнымен қоймай, күдікті жол ережесін өрескел бұзып, қарсы бағытқа шығып, жол-көлік оқиғасын жасайды. Кейін полиция қызметкерлерінен қашып, жақын маңдағы қоқыс жәшігіне тығылып қалғаны белгілі болды. Полиция қызметкерлері күдіктіні ұстады. Тексеру барысында 34 жастағы азаматтың көлік айдап әкетуші және қалта ұрысы ретінде есепте тұрғаны анықталды. Нәтижесінде автокөлік арнайы тұраққа қойылып, күдікті жедел-тергеу тобына тапсырылды.