ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Асан Раушанов (суретте оң жақта, үздік шәкірті Жандос Қияновпен бірге) дзюдодан 6-данның ақ-қызыл белбеуін иеленді.
Бұл спортта түрлі-түсті белбеулер ең жоғары дәрежелі шеберлерге беріледі, қалғандары бір түсті белбеулер алады. Әрбір күрес белбеуінің түсі «кю» - 6-дан 1-ге дейін дайындық дәрежесіне сәйкес келеді.
Дзюдоны жаңадан бастағандар ақ белбеу - 6-шы кю алады. Сәйкесінше, ең жоғары 1-кюден кейін палуандар 1-дан «шеберіне» емтихан тапсырады.
1-ден 5-ші данға дейін - қара белдіктер. Түрлі-түсті белбеу 6-даннан бастап көрнекті шеберлерге беріледі. Дзюдода ақ-қызыл белбеудің иесі екі қарама-қарсылықты – Инь мен Янды біріктіре білген адам деседі. Мұндай спортшы күш қолданбайды, тек икемділік пен ептілікті қолданады деп есептеледі.
* * * * *
Атырауда 2008-2010 жылғы жасөспірімдер арасында грек-рим күресінен облыс чемпионаты өтті. Жергілікті 4 спорт мектебінен 60-қа жуық спортшы 10 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті.
38 келіге дейінгі салмақта Наурызбек Темірғали, 41 келіге дейін - Нұрислам Әлиев, 44 келіге дейін - Мақсұт Кете, 48 келіге дейін - Фархат Махмадиев, 52 келіге дейін - Иса Тұрған, 57 келіге дейін - Бекзат Жолдас, 62 келіге дейін - Дастан Жарылғас, 68 келіге дейін - Ерназар Сағындық, 75 келіге дейін - Айсұлтан Жұмағали, 85 келіге дейін - Еркебұлан Бекболатов жеңімпаз атанды. Барлық жеңімпаз Қазақстан чемпионатына жолдама алды.
* * * * *
Атырау облысының командасы жүзуден «Ақтөбе үміттері» республикалық турниріне қатысты. Оған еліміздің барлық өңірінен 511 спортшы қатысты. Жүзушілеріміздің қоржынына 23 алқа салынды. Тек алтын алқа алғандарды ғана атап өтейік.
Иван Чесноков – Рудольф кестесі бойынша 50 және 100 метрге арқамен жүзуден ең көп ұпай жинаған турнирдің үздік спортшысы; Әкежан Баямиров – Рудольф кестесі бойынша 200 метрге кешенді жүзуде, 50 метрде еркін стильде жүзуде ең көп ұпай жинаған турнирдің үздік спортшысы; Диар Ғизатов – 50 метрге брасс әдісімен жүзуде; Дарья Чеснокова – 50 және 100 метрге арқамен жүзуде; Маргарита Рамазанова - 50 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде жеңімпаз атанды.
* * * * *
Тегеранда әскери қызметшілер арасында таэквондодан World Military Taekwondo Championships CISM турнирі өтті.
Атыраулық қыздар толық алқа жиынтығын жеңіп алды: алтын – Мария Севостьянова (57 келіге дейін), күміс – Нұрай Бауыржанова (49 келіге дейін), қола – Жансель Дениз (73 келіге дейін).
* * * * *
Оралда UWW грэпплингтен ҚР чемпионаты өтті.
Мұнда Асқар Исағалиев бастаған Атырау облысының құрамасы 2 алтын, 5 қола алқа жеңіп алды.
«No gi» (кимоносыз) секциясында 62 келіге дейінгі салмақта Арулан Құрманалиев алтыннан алқа тақты. Ибатолла Рамазан (62 келіге дейін), Азамат (71 келіге дейін), Рашид Жалғасбаев (100 келіге дейін) және Ерлан Шәкішов (130 келіге дейін) қола жүлдеге ие болды.
«Gi» бөлімінде 58 келіге дейінгі салмақта Еламан Төреханов жеңімпаз атанса, Русланхан Мадыханов (66 келіге дейін) қола жүлдегер атанды. Арұлан мен Еламан 2023 жылы Варшавада өтетін әлем чемпионатында ел намысын қорғау құқығына ие болды.
Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ