Атырау, 28 қараша 22:56
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Серік Шәпкенов: «Ісіне ұқыпсыз мердігерлерді аяудың қажеті жоқ»

1 079 просмотра

Атырауда облыс әкімі Серік ШӘПКЕНОВТІҢ төрағалығымен республикалық бюджет есебінен бөлінген қаржының игерілуі бойынша жиын өтті, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Айгүл ӘЖІҒАЛИЕВА баяндама жасады. Оның мәліметінше, 30 қыркүйекте бюджетті нақтылау барысында республикалық бюджеттен трансферттердің жоспарын қараша айында жобаларға түзету енгізу және жұмыс көлемінің толық орындалмауына байланысты қаржы қысқартылды. Қысқарту көлемі 13 млрд 728 млн теңгені құрайды. 

– Осы жылы  «2025 жылға дейінгі өңірлерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы» аясында Атырау облысында 54 жобаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен барлығы 25,2 млрд теңге қаражат бөлінген. 11 ай қорытындысымен есептік кезеңде жоспарланған қаражат көлемінің 77,8 %-ы игерілді. Қаражаттың толық көлемде игерілмеуінің негізгі себептері – жол құрылысы жобалары бойынша битум материалының тапшылығы, конкурстық рәсімдердің ұзаруы, мердігерлердің жұмыс кестесінен ауытқуы- деді А.Әжіғалиева. 

Серік Шәпкенов бюджеттік жоспарлаудағы кемшіліктерді, жобаларды орындаудағы тәртіптің төмен деңгейде екенін айтты. Оған қоса, құрылысы жүріп жатқан нысандардағы жұмысты ұйымдастыра алмаған басқарма басшылары мен аудан әкімдерін сынға алды. 

-  Мемлекет басшысының Атырау облысын әлеуметтік-экономикалық дамыту тапсырмасына сәйкес кешенді жоспар жасақталып, қаражат бөлінді. Алайда жұмыстың жүргізілмеуі себепті бөлінген қаржыны кері қайтардық. Бұл – бізге сын. Егер мердігер мекеме келісілген кестеден тыс қалса, ешкімді аямаңыздар. Заң аясында келісімшартты бұзу керек, ал мердігерлер заң алдында жауап беруі тиіс, - деді С.Шәпкенов. Ол сондай-ақ басқарма басшыларына бір апта ішінде қаржы игерілмеген нысандарға талдау жасауды тапсырды.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суретті облыс әкімінің баспасөз қызметі жолдады

7 желтоқсан 2022, 15:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.