Атырау, 28 қараша 22:48
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

«Modern city» ТК тұрғындары: «Жарнамалық слайдтағы үйге ұқсамайды»

Сурет
1 528 просмотра

«Modern city» тұрғын-үй кешенінің 40-қа жуық тұрғыны жиналып, құрылыс салушының жарнамалық слайдтарда көрсеткен үй мен шын мәнінде алған үйдің арасындағы үлкен айырмашылыққа наразылықтарын білдірді.

«Бізге аулада футбол және баскетбол алаңдары болатынын айтты, бірақ балалар алаңында болуы тиіс ойын жабдықтарының 20 пайызы ғана орнатылған. Аулада талдардың 5-6  түрі отырғызылып, жасыл газон болуы керек, олар да жоқ. Үйдің айналасын қоршап береміз деп уәде берген, оны да орындамады. Үйдің әр дәлізінің алдында тастан қаланған жел өткізбейтін кіреберістер болу керек еді, ал шынында төрт темір тұрбаны қадап, төбесін жауып кетті. Бейнебақылау камерасының аты бар да заты жоқ. Басқа да талаптарымыз бар, бірақ «Modern строй» мекемев басшылығымен сәуір айынан бері кездесе алмай келеміз, - дейді тұрғындар.

Олардың айтуынша, жылу қазандығы мен инженерлік желілердің дұрыс жүргізілмеуінен жақында апат орын алған.

Аршат ӘМІРЖАН:

- Біздің тұрғын үй кешенінің цоколь қабаты бизнес нысандарға  берілген. Жертөледен суды ажырату үшін оларға тәуелді боламыз. Жақында көрші пәтерде апат болып, кранды жабу үшін тіс емханасынан кілт алуымыз керек болды. Түн ішінде олар есіктерін құлыптап кеткен. Содан амалсыз бүкіл үйдің ыссы суын, жылуын тоқтатып, бір күн жылусыз отырдық.

Айнұр ЖАНҒАЛИЕВА:

- Кез келген тұрғын үй кешенге барсаң, тұрғындар ауладағы бейнебақылау камерасын жұмысында отырып-ақ ұялы телефонынан қарап отыра алады. Біздің үйде жақында дәлізден затымыз жоғалды. Камераны қарау үшін ПИК-ке жолықсақ, олар қарауға мүмкіндік жоқ екенін айтты. Сонда камералар сәндік үшін орнатылған ба?

Жиналған тұрғындарға біраз уақыттан кейін «Modern строй» ЖШС бас директоры Идирис ГАДЖИБЕКОВ келді. Ол жиналғандарға көптеген мәселені көктемде күн жылынғасын шешіп беруге уәде етті. Оның айтуынша, ауланы абаттандыру жұмыстары жергілікті әкімдіктің қолдауымен салынған.

- Жергілікті биліктің ұсынысымен  бұл тұрғын үй кешені «Нұрлы жер» бағдарламасына енгізілді. Яғни біздер  төменгі қабаттардағы пәтерлерді мемлекеттік бағдарламамен арзан бағада әлеуметтік осал топтағы тұрғындарға берсек, ойын алаңы мен ауланы абаттандыруды әкімдік өз тарапынан жасап беруге келісім жасады. Сондай-ақ жылу қазандығын да әкімдік орнататын болып келістік. Олардың жасаған жұмыстарының сіздердің көңілдеріңізден шықпай жатқаны біздің мекеменің атына сын келтіріп жатыр, - деді И. Гаджибеков.

Оның айтуынша, бейнебақылау камералары толық іске қосылған. Оны ПИК арқылы монитордан, сондай-ақ әр тұрғын ұялы телефондарынан бақылай алады.

- Бұл мәселе сіздерге дұрыс ақпарат жеткізбеуден болған. Бейнебақылау камерасынан бөлек көктемде тұрғын үй кешенінің кіреберісіне күзетші бекетін орнатамыз. Күзетшінің еңбекақысы ПИК тарифіне енгізілетін болады, - деді И.Гаджибеков.

Сондай-ақ бас директор дәліздердегі түскен кафельдер қайта ретке келетініне, тұрғын үй кешенінің кіреберістері көктем мезгілінде қоршалып, шлагбаум қойылатынына, ауладағы орындықтар қайтадан ауыстырылатынына, мұның бәрін өз бақылауында ұстайтынына уәде берді.

 Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суреттерді түсірген автор  

7 желтоқсан 2022, 14:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.