Атырау облысында әлеуметтік салада заң бұзушылыққа жол бермеу мақсатында мониторингтік топ құрылды деп, хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Альфия ТӨЛЕҒАРИЕВАНЫҢ айтуынша, арнайы топ құрамында Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Атырау облысы бойынша өкілі, «АМАNAT» партиясының облыстық филиалы, әлеуметтік қорғау және білім саласын бақылау департаменттерінің өкілдері, облыстық мәслихат депутаттары және дәрігер, деффектолог мамандар бар. Олар әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының мүгедектерге қолайлылығын және қызмет көрсету сапасы мен қызмет алушылардың құқықтық қорғалуы бойынша мониторинг жүргізеді.
Арнайы топ алдымен Атыраудағы 3-ші және 4-ші арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарына барды.
№3 орталығында психоневрологиялық ауытқуы бар 3-18 жас аралығындағы балаларға қызмет көрсетіледі.
Мүгедек балаларға қызмет көрсету сапасы өте жоғары екені байқалды. Балалармен жұмысты деффектолог және дәрігерлер тексеріп, оң баға берді. Сондай-ақ орталық ішінде балаларды дамытуға арналған жаңа кабинеттер мен бөлім ашылған.
Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің өкілі Таңшолпан ТІЛЕПИЕВА дефектолог пен дәрігерлер балалармен жұмыс сапасын тексеріп, оң бағасын бергенін атап өтті.
- Балалар үшін қолайлы, олар өздерін еркін сезінеді екен. Өзімнің қызметім бойынша ғимараттың мүгедектерге бейімділігін тексердім. Өткен жылы тексеріс кезінде іштегі пандустардың қолайсыз, өте жоғары екенін айтып, ескерту жасағанбыз. Биыл ол ескеріліп, жаңа пандустар салынып жатқанын көрдік, - деді Т.Тілепиева.
Сондай-ақ ол қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған №4 арнайы қызмет көрсету орталығының жұмысына оң баға берді: орталықтың іші олар үшін ыңғайлы, лифт жұмыс істейді, қызмет көрсету сапасы жақсы.
– Мониторинг тобындағы дәрігерлер қарттардың денсаулығын тексерді. Екі орталықта мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған дәрі-дәрмектің бар-жоғы да тексерілді, – деді Т.Тілепиева.
Енді арнайы топ Махамбет ауданындағы №1 орталық пен облыстық мүгедектерді оңалту орталығына барады.
Айнұр САПАРОВА
ӨКҚ ұсынған суреттер