Атырау, 28 қараша 22:30
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Облыс әкімі еңбек биржасында жұмыссыздармен әңгімелесті

Сурет
1 358 просмотра

2 желтоқсанда Атырау облысының әкімі Серік ШӘПКЕНОВ «Ұлттық жобалар шеңберінде құрылған жұмыс орындары» тақырыбында өткен көшпелі жиын барысында enbek.kz ұлттық жобалар шеңберінде жұмыспен қамтуды үйлестіре алмаған басқарма басшыларының жұмысын сынға алды.

Жиынға оның орынбасарлары, басқарма басшылары және қала, аудан әкімдері селекторлық режимде қатысты. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, күн тәртібінде – ұлттық жобаның орындалысы мен «Теңізшевройл» ЖШС-нің Келешек кеңею жобасынан босатылғандарды жұмыспен қамту мәселесі қаралды.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат МӘМБЕТОВТІҢ айтуынша, облыста 8 253 жұмыс орны құрылған. Оның 1206-сы – тұрақты. Жалпы, жоспар орындалысы 41,3%-ды құрайды.

- «Интеграциялық жұмыс орындарын құру» аясында электрондық еңбек биржасына 5 157 вакансия енгізіліп, 4 692-сі жабылды. Бүгінде ашық вакансия саны – 465. Қалған 3 168 вакансия бойынша жұмыспен қамту шаралары қабылданбай, жұмыс орындарының саны өсіп отыр. Сол себептен ұлттық жобалар бойынша жұмыспен қамтылғандардың пайызы облыс бойынша төмен: «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы бойынша - 6,7%, «Ауыл шаруашылығын дамыту» ұлттық жобасы бойынша - 6,3% және «2021-2025 жылдарға арналған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасының «Мұнайгазхимия кешенін дамыту» бағыты бойынша - 3,1%, - деді А. Мәмбетов.

Сондай-ақ, Келешек кеңею жобасындағы құрылыс жұмыстарының аяқталуына байланысты 27 мың қазақстандық азаматтың жұмыстан босатылатыны нақтыланып, оның 7 100-і «Теңізшевройл» ЖШС-нің басқа жобаларына ауыстырылды. Күні бүгінге дейін Келешек кеңею жобасынан 13 695 адам жұмыстан босатылған. Оның 5 619-ы – атыраулықтар. Жергілікті тұрғындардан 4 467-сі әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылды.

Серік Шәпкенов Ұлттық жобалар шеңберінде enbek.kz электрондық еңбек биржасы арқылы жұмыспен қамтуды үйлестіре алмаған басқарма басшыларының жұмысын сынға алды.

- Мемлекет басшысы өңірде жаңа жұмыс орындарын ашу туралы нақты тапсырма берген болатын. Алайда Ұлттық жобалар аясында облыста құрылатын жұмыс орындарының орындалу барысы өте төмен. Қаншама жұмыссыз азаматтарымыз бар? Соның барлығы өз табысын тауып, отбасын асырауы үшін жағдай жасауымыз қажет. Ұлттық жобалар шеңберінде әр сала бойынша мамандарды даярлап, жалақыны да соған сай белгілеу керек, - деді С.Шәпкенов.

Жиын аяқталған соң ол қалалық жұмыспен қамту бөлімін аралап, осы орталыққа келген тұрғындармен тілдесіп, мәселесін тыңдады.

Дайындаған Айнұр САПАРОВА

3 желтоқсан 2022, 22:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.