Бұл туралы Атырау облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Ерлан ДОСАНОВ Исатай ауданына жұмыс сапары барысында мәлімдеді. Ол ауылдық округ әкімдерімен, мемлекеттік органдардың басшыларымен, депутаттармен және қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесулер өткізді.
Әлеуметтік объектілерді уақтылы тапсырмау, медициналық кадрлардың жетіспеушілігі, білім беру және мәдениет, ТКШ саласындағы кемшіліктер - мемлекеттік органдар басшылары тарапынан тиісті бақылаудың болмауына байланысты, - деп есептейді Е.Досанов.
Исатай ауданының активімен кездесу барысында ол шаруа қожалықтарының басты проблемаларының бірі – малға арналған судың жетіспеушілігі туралы айтты. Нарын каналы осыдан 60 жылдай бұрын қазылған, қазір күрделі жөндеу қажеттілігі өткір тұр.
Ерлан Досанов бірқатар құрылыс нысандарымен танысып, мердігер компаниялардың өкілдерімен кездесулер өткізді.
Департамент Аққыстау ауылында 60 пәтерлі 3 қабатты тұрғын үй салу барысында мемлекеттік бюджет қаражатын ұрлау қаупін анықтады. Құрылыс барысында Исатай ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғалары атқарылған жұмыстар туралы жалған актіге қол қойған. Яғни, тапсырыс беруші төлем жасады, ал барлық 3 тұрғын үй бойынша жұмыс 330 млн теңгеден астам сомаға орындалмады. Департамент нысанды әлі пайдалануға енгізбегендіктен, жымқырудың алдын алу және мердігер барлық міндеттемелерді орындауы мақсатында облыс басшылығының атына хат жолдап, барлық кемшіліктерді жою туралы жауап хатын алды. Пайдалануға берілгенге дейін объектінің құрылысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бақылауында болады.
Айта кетейік, бүгінде департамент сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасын іске асыру шеңберінде бірқатар шаралар қабылдауда. Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптық мониторингтер жүргізілуде, ұсынымдар әзірленуде, азаматтардың құқықтары қорғалуда.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Атырау облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті жолдаған суреттер