Жыл басынан бері Атырау облысы аумағында осы уақытқа дейін іздеуде жүрген 80 күдікті ұсталды. Әлі табылмаған, іздеудегі 33 күдікті бар.
Полиция департаменті хабарлағандай, адам өлтіргені үшін 7 күдікті іздестіріліп, оның екеуі - 28 және 30 жастағы Жылыой ауданының тұрғындары ұсталды.
- 2022 жылдың 25-ші қыркүйегіне қараған түні 29 жастағы азамат оқ жарақатынан көз жұмды. ҚР ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, мемлекетаралық іздеу жарияланды. Полиция қызметкерлері күдіктілердің жүрген жерін анықтап, ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамауға алды, - деп хабарлайды ПД.
Бұдан бөлек, зорлау дерегі бойынша күдікке ілінген екі адам іздестіріліп, күдіктінің бірі ұсталды. 26 наурызда 14 жастағы жасөспірімді зорлады деген күдікпен 18 жастағы жігітке іздеу жарияланды. Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде ол ізін суытпай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Ұйымдасқан қылмыс желісі бойынша 6 күдікті іздестіріліп, оның екеуі ұсталған. Атыраулық полицейлер күдіктілерден өзге хабар-ошарсыз кеткен азаматтарды да іздеу жұмыстарын жүргізеді. Бүгінде 67 адамнан 53 адам табылып, іздеу есебінен алынды. Мысалы, биыл тамыз айында 16 жастағы жасөспірімнің жоғалғаны туралы Шымкент полиция департаментінің сұранысы бойынша іздестіру жұмыстары жүргізілді. Ол Атырау аумағынан табылып, Шымкент қаласындағы үйіне жіберілді.
Айнұр САПАРОВА