Жылыой ауданы, Шоқпартоғай ауылындағы осыдан алты жыл бұрын пайдалануға берілген 160 орындық «Балдәурен» балабақшасы жақында «белгісіз уақытқа» жабылды. Ал оның себебі, пайдалануға берілген нысанның көп кемшілігі болған.
Екі қабаттан тұратын бұл балабақша «Теңізшевройл» ЖШС-нің «Игілік» бағдарламасымен 2016 жылдың наурыз айында пайдалануға берілген. Нысанның жалпы құны 605 млн теңге тұрды, тапсырысшысы облыстық құрылыс басқармасы болса, мердігері - «АтырауРемСтройМонтаж» ЖШС. Бұрынғы ескі балабақшадан замануи үлгідегі жаңасына көшкені ауыл тұрғындарын зор қуанышқа бөлеген еді. Алайда тура бір жылдан соң сапасыз құрылыстың алғашқы белгілері пайда бола бастады. 2017 жылдың наурызында ғимараттың жатын бөлмесінің жары жарылып, аз ғана сызат біліне бастаған. Мердігер жарықтардың орнын бітеп, жеңіл жөндеу жұмысын жүргізді. Бірақ тағы бір жыл өткен соң қайтадан қабырғада жарықтар пайда бола бастады. Едені отырып, сызаттар үлкейіп, есік, терезелер қозғалысқа түсті. Ғимараттың бір жақ іргетасы да отырды. Бұл жолы мердігер тағы жөндеу жүргізді, бірақ жағдай оңалып кетпеді.
- Қаншама жөндеу жұмыстарын жүргізсе де қабырғадағы жарықтар үлкейіп, 10 қазан күні топқа кіретін кіреберіс есігі мен дәліз ортасындағы қосылған төбенің ортасы ашылып кетті. Іштен дала көрініп тұрды. Мұны облыс әкімінің орынбасары, құрылыс басқармасының басшылары келіп көрді, - дейді балабақша меңгерушісі Нелла ЕШИБАЕВА.
- Қаншама жөндеу жұмыстары жүргізілсе де ғимараттағы кемшілік неге жойылмаған. Себебі неде дейді?
- Мен құрылыс маманы емеспін, дегенмен құрылысшылардан сұрағанымда «сваи қағылмаған» дейді.
19 қазанда балабақша жабылып тынды. Даярлық тобының балалары мектепке жіберілді. Балабақшада еңбек ететін 42 қызметкер демалысқа жіберіліп, 50 пайыз көлемінде еңбекақылары төленуде.
- Енді бұл жерге техникалық зерттеу жүргізілетін болды. Себебі анықталғаннан кейін бұл балабақша жайы шешілетін болды. Ата-аналар жиі телефон соғып, балабақша қашан ашылады деп сұрайды. Оған нақты жауап бере алмай отырмын, - дейді Н. Ешибаева.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор