Қытайдың ірі қалаларында коронавирусқа қарсы шектеулерге байланысты халық ереуілге шықты. Сонымен қатар тұрғындар биліктегі Коммунистік партияға қарсылықтарын да білдірген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Қазір наразылық акциясы Пекин, Шанхай, Гуанчжоу қаларында өтіп жатыр. Associated Press басылымының мәліметінше, 27 қарашада Шанхайда коронавирусқа қарсы шектеулер, цензура мен Қытай коммунистік партиясы, Си Цзиньпинге наразылық білдірген топ пен полиция арасында қақтығыс болған.
Бұдан бөлек, 25 қарашадан бастап наразылық акциясы Қытайдың 50 жоғары оқу орнында өткен.
БАҚ мәліметіне сәйкес, ереуіл Үрімшідегі тұрғын үйде болған өрт кезінде 10 адам көз жұмған соң басталған. Жергілікті тұрғындар коронавирусқа байланысты шектеулер кесірінен адамдар үйден шыға алмай қалды деп есептейді.
Қарашадан бастап Қытайда эпидемиологиялық ахуал нашарлаған. Вируспен күресу үшін үкімет қатаң шаралар қабылдап, ПТР-тест тапсыруды міндеттеген. Қазір Гуанчжоу қаласында 80 мың орындық карантин орталығы салынып жатыр.