Атырау облысы мәслихатының кезектен тыс сессиясында күтпеген жағдай орын алды.
Күн тәртібінде алғашқылардың бірі болып «Атырау облысының құрметті азаматы» атағын беру мәселесі қаралды. Онда Иосиф Әліпов, Зәріп Жұқатаев, Мақсым Ізбасов, Сәдуақас Мералиев, Айгүл Үлкенбаева, Әмин Тұяқов, Нұрлан Ноғаев, Сабыржан Сұлтанов сынды 8 адамның тізімі болды. Депутаттар тізімнің бәріне бірден дауыс беруді ұйғарды, бірақ осы кезде депутат Нұрлан МҮТАЛИЕВ сөз алды:
– Қазір облыстық мәслихаттың депутаты болып отырған Сабыржан Сұлтановқа қандай да бір құрметті атақ беруге қарсымын. Бұған дейін облыстық мәслихаттың депутаты, хатшысы болған кезімде де депутаттарды марапаттауға қарсы болатынмын. Бір-бірімізді осылай марапаттай берсек, не боламыз? Сонда ертең мен өтінсем, маған да бересіздер ме? Сабыржанды жақсы білемін, еңбек сіңірген адам. Бірақ депутаттық әдеп бұлай жасауыма мүмкіндік бермейді. Сәке, ренжіме, – деді Н.Мүталиев.
Жалпы тізімнен бөлек С.Сұлтановқа атақ беру үшін депутаттар бөлек дауыс берді. Әрине, Нұрлан Мүталиевтен басқасының бәрі қолдады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
ӨКҚ ұсынған суреттер