Атырау, 20 сәуір 15:46
 ашықВ Атырау +26
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Қарағандыда "Қазақтелеком" жұмысшылары жалақы өсіруді талап етті

983 просмотра

"Қазақтелеком" компаниясының Қарағандыдағы бөлімшесінің елу шақты жұмысшысы 24 қарашада жиналып, басшылыққа арыз-талаптарын жеткізді. Әуелі олар көшеде жиналды, кейін басшылық оларды кабинетіне шақырды. Монтерлар жалақы өсіруді талап етті, Азаттық радиосы.

Жұмысшылардың Азаттыққа айтуынша, олар Қарағанды бөлімшесі басшыларымен кездесу үшін жұмыс орындарын бір сағатқа тастап кеткен.

—Жалақымыз аз, разрядымызға қарай айына 120–160 мың теңге (257–340 доллар — ред.) аламыз. Біз, жұмысшылар, жиналып, басшылыққа арыз-талаптарымызды жеткіздік. Жалақыны 50-100 пайызға өсіруді талап етеміз. Келіссөзден әзірге нәтиже жоқ. Бізге келесі аптада жоғарыдан басшылар келеді деп айтты, келіссөз жалғасады, – деді жұмысшылардың бірі Азаттық тілшісіне.

Интернетте тараған видеолардың бірінде "Қазақтелеком" АҚ Қарағандыдағы бөлім жетекшісі Асхат Артықбаевтың жұмысшыларға егер "бастама тобын құрғысы келсе", кәсіподақ арқылы шығуды ұсынғаны көрінеді.

Оқиға орнына жергілікті кәсіподақ жетекшісі де келген. Осыдан кейін жұмысшылар тарап, жұмысқа кіріскен. Алайда тараптар әзірге ешқандай келісімге келмеген.

Қарағанды облысының билігі оқиғаға түсініктеме берген жоқ, тек Азаттыққа компанияның хабарламасын жіберді.

"Қазақтелеком" баспасөз қызметі ереуіл болғанын жоққа шығарып, "кездесу", "талқылау" өткенін айтты.

– Қызметкерлер ортақ талқылау барысында компанияның жалақы өсіру, медициналық сақтандыру және өзге мәселелер бойынша қандай шара қолданып жатқанын сұрады. Компания мен жұмысшылар өкілдері өндіріс жағдайы мен жалақыны қайта қарау мәселелері құқықтық шеңберде компания мен жұмысшылар мүддесін ескере отырып шешілуі тиіс деп санайды, – деді Азаттыққа "Қазақтелекомның" баспасөз қызметі.

Компанияның ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, биылғы жылдың 9 айдың қорытындысы бойынша "Қазақтелеком" АҚ таза кірісі 88 млрд теңгеге (189 млн доллар) жеткен, бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,4 пайызға көп.

"Күрделі экономика жағдайына қарамастан, компаниямыздың кірісі 9 ай қорытындысы бойынша шамамен он пайызға артып, 470 млрд теңгені құрады (2021 жылы - 433 млрд теңге)" деп компанияның баспасөз қызметі сайтында "Қазақтелеком" АҚ қаржы директоры Людмила Атамұратоваға сілтеме жасаған.

25 қараша 2022, 12:26

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.