Атырауда Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында жазушы-драматург Рахымжан ОТАРБАЕВ драматургиясынан IV республикалық театрлар фестиваль форумы басталды. Оған 6 кәсіби театр ұжымы қатысуда.
Олар - БҚО Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театры «Жәңгір хан» драмасын, Шымкент қалалық «Қуыршақ және жасөспірімдер театры» «Шыңғысханның көз жасы» драмасын, Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық Семей драма театры – «Мұстафа Шоқай» драмасын, ШҚО драма театры «Көлеңке» драмасымен, Ақмола облыстық орыс драма театры «Бейбарыс» драмасын және М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры «Қытайдан жеткен сәлемдеме» драмасын ұсынады.
Фестивальдің ашылуын Махамбет атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры Р.Отарбаевтың “Бейбарыс” тарихи драмасынан үзіндімен ашты. Қойылымның тұсаукесері желтоқсан айына жоспарланған. Айта кетейік бұған дейін Рахымжан Отарбаев театр фестивалінің бас жүлдесін алған Махамбет театры биыл фестиваль жүлдесіне ортақтаспайды.
- Жалпы мұндай шектеу жоқ. Дегенмен өз жерімізде өтіп жатқан соң, жүлдені қонаққа келген әріптестерімізге ұсынуды жөн көрдік, - дейді Махамбет атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі әрі режиссері Мұқанғали ТОМАНОВ.
Фестивальге қатысушылардың өнерін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры Еркін ЖУАСБЕК бастаған белгілі театр сыншылары және драматург-жазушылар бағалайды.
Спектакльдер 27 қарашаға дейін күн сайын сағат 11:00-де және кешкі 19:00-де тегін сахналанады. Фестивальден тыс уақытта театр сыншылары, режиссерлар атыраулықтарға тегін шеберлік сағатын, "дөңгелек үстел" өткізеді.
- Фестивальдің мақсаты - Рахымжан Отарбаевтың драматургиясы арқылы қазақ халқының тарихы мен ұлы тұлғаларының өмірін насихаттау, шығармашыл ұжымдардың бір-бірімен тәжірибе алмасуына жағдай жасау, - дейді ұйымдастырушылар.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суретті түсірген автор