Атырау, 29 қараша 00:59
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Тұтынушылар жылу берушілерге қарсы. Тараптар уәжі

1 064 просмотра

Экономикалық сотта облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің «Атырау ЖЭО» АҚ және «Атырау жылу жүйелері» АҚ-на қатысты талап арызы бойынша процесс қайта жалғасты. 

АХУАЛ ТҰТҚЫНДАРЫ

Еске салсақ, осы жылдың басында пәтерлеріне жеке жылу есептегіш құралдарын (ЖЕҚ) орнатқан Атырау қаласының бір топ тұрғыны АЖ-ға жүгінген болатын. Алайда, белгілі болғандай, қолданыстағы заңнамада ЖЕҚ иелеріне арналған сараланған тариф болмағандықтан олардың көрсеткіші бойынша төлеу мүмкін емес. Сондықтан, төлем шоттары тұтынушыларға үйдегі жалпы есептегіштердің көрсеткіші бойынша келіп тұрған, алайда бұрын сот АЖЭО-ын ЖЕҚ-ті есепке алуға міндеттеген болатын.

Осыған байланысты Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті осы жылдың наурыз айында ЖЕҚ иелеріне орташа тариф бойынша, яғни тұтынушылардың бірде-бір санатына қоспай есептеу талабымен жылу берушілерді сотқа берді.

Жарты жыл бойына сот ісін бастауды түрлі себептермен бірнеше рет кейінге қалдырып, тамыз айында талап арызды мүлде қараусыз қалдырған еді. Қазір бұл іс бойынша үшінші судья тағайындалды. Сондықтан іс жүзінде бұл процесс жалғаспады, енді ғана басталды.

Осы аралықта кейбір ЖЕҚ иелері АЖЭО қызметінен өз еркімен бас тартты, яғни, олардың пікірінше, қағазбастылыққа айналған сот процесі аяқталғанша толығымен жылусыз қалды.

Фемида өкілдері, әрине, олай ойламайды. Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Мәтен ЕРҒАЗИЕВ «АЖ» сауалына берген жауабында өздерінің Азаматтық-процестік кодексінің нормаларын бұзбағанын, судьялардың тек дәлелді себептермен ауыстырылғанын айтты. Дегенмен, редакция сауалынан кейін «процесс басталып кетті» деуге болады. Қазір екі сот отырысы өтті.

– Ақпан айында АЖЭО-на мені жылудан «ажырату» туралы өтінішпен жүгіндім, ол орындалды, – дейді «Модерн сити» тұрғын үй кешенінің тұрғыны Айман ЖҰПАРОВА. – Кейін ЖЭО-ның талабы бойынша жеке сот орындаушысы менің есепшотыма тыйым салып, депозиттен жылыту маусымының төлемін, оған қоса өз жұмысына және нотариус қызметіне төленетін төлемді алған. Мұндай әрекеттердің заңдылығын күмәнді деп санаймын, өйткені бұл мәселе сотта қаралуы тиіс, ол бойынша заңды күшіне енген шешім жоқ. Көршілер арасында бір-екі пәтер иелері де әр уақытта жылудан бас тартқанын білемін.

Бір қызығы, жылу қызметкерлері ЖЕҚ қожайындары арасында жылудан бас тартқандардың бар екенін жоққа шығарады. «Атырау жылу электр орталығы» АҚ вице-президенті Айвар РАХМАНОВТЫҢ айтуынша, облыс орталығында ЖЭО жылу энергиясының 52 мың тұтынушысы болса, оның отыз шақтысы -пәтерлік ЖЕҚ иелері.

– Иә, кейбіреулері төлеуден бас тартты, бірақ жылудан бас тартқан жоқ. Жалпы, бір пәтерге жылу беруді тоқтатуға болмайды. Бұл бүкіл үй үшін үлкен авария қаупін төндіреді, әсіресе қатты аяз кезінде, - деп түсіндірді ол.

 

ЕШҚАНДАЙ ҮНЕМІ ЖОҚ ПА?

Сот отырыстары арасындағы үзіліс кезінде тілшіңіз АЖЭО өтініші бойынша коммуналдық кәсіпорын басшылығымен кездесіп, осы есептегіштерге қатысты өз ұстанымын баяндады.

– Табиғи монополияларды реттеу комитетінің №90 бұйрығында тұтынушылардың үш тобы белгіленген. Біздің жағдайда бұл есептеу құрылғыларының болу / болмауына байланысты кіші топтарға бөлінген тұрғындар тобы. Бұл мәселенің қиындығы сол - осы бұйрықта ЖЕҚ туралы мүлдем көрсетілмеген. Қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерде ортақ үй есептегіштерінің (бар болса) көрсеткіштері бойынша немесе мүлдем есептегіш құралынсыз, яғни тұтыну нормасы бойынша төлеу қарастырылған. ЖЭҚ бойынша есеп жүргізу жоқ, – дейді А.Рахманов.

Оның айтуынша, кезінде тиісті министрлік ЖЕҚ әдістемесін әзірлеген, бірақ ол кеңестік сипатта, яғни орындауға міндетті емес. Оның үстіне, бұл әдіс үйдегі барлық пәтер жеке жылу энергиясын есептеу құралымен 100% қамтамасыз етілген жағдайда, сондай-ақ ортақ үй есептеу құралы (OЕҚ) міндетті түрде болған жағдайда ғана қолданылады. Атырауда мұндай үйлер жоқ.

– Наразы тұтынушылар кондоминиум объектісінің – көппәтерлі тұрғын үйдің жеке меншіктен бөлек ортақ аумақтары да бар екенін түсінуі керек: бұл шатырлар, жертөлелер, подъездер... – деп әңгімеге қосылды «АЖЭО» АҚ-ның екінші вице-президенті Алла КАНЦЕВА.

– «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға сәйкес, барлық пәтер иелері осы ортақ мүлікті ұстау шығындарына қатысуға міндетті. Ал OЕҚ тұтынушылар пәтерлерде ғана емес, ортақ қолданатын жерлерде де пайдаланатын жылуды есепке алады. Ал егер ЖЕҚ иесі өз пәтері үшін төлесе, неліктен оның көршілері ортақ үй мүлкі үшін төлеуге міндетті? Бұл олардың құқықтарына нұқсан келтіру болып табылады.

А.Канцеваның пікірінше, талапкердің орташа тариф бойынша есептеуді талап етуі ЖЭҚ иелерінің жағдайын тек қиындатады – бұл оларға қымбатқа түседі.

- ЖЭҚ тарифі болған күнде де, тұтынушы біз қазір ОЕҚ үшін есептеген соманы төлейтін еді. Мұны есептеулер көрсетіп отыр. Яғни, ешқандай үнемі жоқ, - дейді ол. – Осының бәрін сот үшін талап арызға берген жауабымызда айттық.

– Расында да, 2020 жылы сот бір тұтынушының талабы бойынша оның жеке есептегішін тіркеуге міндеттеді, бары сол. Осыдан кейін біз №90 бұйрыққа толықтырулар мен өзгертулер енгізу туралы ұсыныстарымызбен түрлі ведомстволарға жүгіндік, бірақ жағдай өзгермеді. Қазақстанның басқа қалаларында да солай. Біз жағдайды өзгерте алмаймыз және іс жүзінде біз тіпті жауапкер де емеспіз. Қолданыстағы нормаларды өзгерту құзырына кіретін мемлекеттік органдармен соттасу қажет, - деп түйіндеді сөзін А.Рахманов.

 

«СОТТЫ АДАСТЫРМАҚ БОЛДЫ»

Талапкер, тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Әлем УӘЛИЕВТІҢ пікірінше, ЖЕҚ иелеріне орташа тарифпен, яғни ешбір санатқа жатқызбай есептеу - мәселені шешудің ең дұрыс жолы болып табылады. Әзірге бекітілген әдіс жоқ.

– Осылайша, тұтынушылардың да, монополистің де құқығы бұзылмайды, – дейді ол. – Айтпақшы, ЖЕҚ иелері ЖЭО ойлағаннан әлдеқайда көп. Біздің департаментке 80-ге жуық адам арызданды. Сондай-ақ, сотта жауапкердің өкілдері түсініксіз сандарды пайдаланып, ЖЕҚ қолданудың жөнсіздігін бірнеше рет қозғағанын атап өткім келеді. ЖЕҚ үшін төлемнің қымбатқа шығатынын көрсетуге тырысып, олар, менің ойымша, сотты адастырмақ болды. Дегенмен, тұтынушылардың өздері жасаған есеп негізінде (ЖЭО есептеген шоттар, ЖЕҚ және ОЕҚ көрсеткіштері бойынша) біз бұған күмән келтірдік. Сот осы және өзге де дәлелдерді назарға алып, әділ шешім шығарады деп сенеміз, – дейді Ә.Уалиев.

Оппоненттердің басқа да уәждері болды, мұны егжей-тегжей айтып, ашық пікірталас ұйымдастырудың мәні жоқ. Жұмыстарын дер кезінде және сапалы орындауға міндетті кейбір мемлекеттік органдардың шорқақтығынан туындаған мәселенің мәнін көрсету маңызды. Әзірге дауға сот төрелік етіп жатыр, енді оның шешімін күтеміз.

Тағы бір жайт. Бұрын хабарланғандай, елордалық Табиғи монополияларды реттеу комитеті (ТМРК) осы жылдың қаңтар айында ЖЕҚ иелерін қамту үшін заңнамаға түзетулер әзірлеуді бастаған.

Жақында ведомство жұмыстың әлі аяқталмағанын хабарлады: «Қазіргі уақытта Комитет халықаралық тәжірибені талдап, зерделеуде, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдармен мәселені талқылауда. Нәтижелері бойынша нормативтік-құқықтық актілерге тиісті түзетулер қалыптастырылатын болады».

Лев ГУЗИКОВ

23 қараша 2022, 15:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.