Атырау, 29 қараша 03:38
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Жылу есептеу мәселесі

1 516 просмотра

Атырау облысы Тұтынушылар құқығын қорғау департаменті жеке жылу есептеу құралдары иелерінің мүддесін ескеруді талап етіп, монополисті сотқа берді.

Қазақстанда жылу энергиясымен жабдықтау қызметтеріне сараланған тарифтер қолданыста екені белгілі. Соған сәйкес тұтынушылар топқа бөлінеді, оның ішінде үйге ортақ жылу есептегіштердің (ҮОЖЕ) бар немесе жоқтығына байланысты.

Бір кездері коммуналдық қызмет мен монополияға қарсы қызмет өкілдері тұрғындарға осы ортақ есептегішті жылу ақысын төлеуді айтарлықтай үнемдеуге көмектеседі деп, үйге жаппай орнатуды белсенді насихаттаған еді. Бірақ шын мәнінде, ҮОЖЕ көрсеткіштері бойынша есептеуді әділ деп атауға болмайды, өйткені тұрғындар әрбір нақты тұрғын үйге кірген жылу мөлшері үшін төлемейді (дұрысында солай болу керек), ортақ үй есептегіші «айналдырған» және оны ауданына байланысты бүкіл пәтерге бөлген көрсеткіш бойынша төлеп отыр.

Бұл жағдайды тұтынушылардың пайдасына жеке есептеу құралдарын (ЖЕҚ) орнату арқылы дұрыстауға болатын еді. Бұл жылу энергиясын ұтымды пайдалануға және отбасылық бюджетті үнемдеуге шынымен қабілетті үй есептегіштері. Термостаттармен жабдықталған құрылғылар үй-жайларды реттеп жылытуға мүмкіндік береді, бұл әсіресе сыртта +15 C болғанда маңызды, ал жылу берушілер радиаторларды "қыздырып" қояды.


«ИНТЕРЬЕР БӨЛІГІ»

Мұндай жеке есептеу құралы бар, ол мемлекеттік тізілімге енгізілген, оның үстіне, еліміздің бірқатар қаласында ЖЕҚ жоқ көптеген жаңа ғимараттар тіпті пайдалануға қабылданбайды. Дегенмен, есептегіштерді орнатқанмен ештеңе өзгермейді, олар коммуналдық интерьердің пайдасыз бөлігіне айналады.

Атырау қаласының кейбір тұтынушылары бұл мәселемен бетпе-бет келіп, өз құқықтарын бірігіп қорғауға кірісті.

Олар хабарландыру бойынша жеке кәсіпкердің қызметін пайдаланып, былтыр пәтерлеріне жеке жылу есептегіш құралдарын орнатқан. Айта кету керек, бұл арзан дүние емес - бір ЖЕҚ сатып алу және орнату құны 100-110 мың теңге тұрады.

Алғашқы қиындықтар есептегіштерді тексеру және пайдалануға қабылдау кезеңінде басталды. Атырау ЖЭО өкілдері Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыстық департаменті (ТМРКД) ұйғарым шығарып, жылу қызметкерлерін міндеттегеннен кейін ғана қабылдау актілеріне қол қойып, құрылғыларға қорғасын мөр салды. Артынша монополист бұл ұйғарымға сот арқылы шағым түсіргенімен, шағымы қанағаттандырылмады.

2021-2022 жылғы жылыту маусымының қазан айындағы алғашқы шотында үнемдеу айқын көрініп тұрды. Алайда одан кейінгі айларда төлемдер ортақ үй есептегіші бойынша есептеліп келді. Әлі солай келіп жатыр. Нәтижесінде монополистің түсіндірмесіне наразы болған (қаланың әр ауданындағы) 18 тұтынушы төлем жасаудан бас тартып, бірқатар құзырлы орындарға шағым түсірген. Бұл жағдайды «АЖ» тілшісі де анықтады.

«Атырау ЖЭО» АҚ-ның редакция сауалына берген жауабына сүйенсек, пәтерде жеке жылу есептегіші бар тұтынушыларға тариф жоқ екен...! Сондықтан олар ортақ үй есептегіш көрсеткіштеріне сәйкес есептелген шот бойынша төлейді. 

«Тариф ТМРКД бұйрығы негізінде бекітіледі. Атырау ЖЭО ТМРКД-не тарифті қалыптастыру туралы сұраным жолдады. Қазіргі уақытта пәтерлік ЖЕҚ бойынша есеп айырысу мәселесі әлі шешілген жоқ, оны шешу мерзімдері де белгіленбеген.

Табиғи монополия субъектісі «Табиғи монополиялар туралы» ҚР Заңына сәйкес бекітілген тариф бойынша реттеліп көрсетілетін қызметті ұсынуға міндетті. Осылайша, пәтердегі жеке жылу есептегіштері бар тұтынушылар үшін бекітілген тарифтің болмауына байланысты ол бойынша есептеу мүмкін емес», - делінген АЖЭО жауабында.


"САҚАЛДЫ" МӘСЕЛЕ

Монополияға қарсы ведомствоның (ТМРКД) жауабы одан да қызық. Белгілі болғандай, қолданыстағы заңнамада ЖЕҚ бар тұтынушылар үшін тарифті саралау мүлде қарастырылмаған! Осыған байланысты департамент Комитетке, яғни өзінің жоғары тұрған басшылығына заңнамаға қажетті өзгерістер енгізуге бастамашылық жасау қажеттігі туралы ұсыныс жолдаған.

Біздің ұжымдық шағымымыздан кейін мені жергілікті ТМРКД-не шақырды. Әңгімелесу барысында сол баяғы мәселе болмаса, өзім үшін жаңа ештеңе білген жоқпын, - дейді ЖЕҚ иесі-тұрғындар өкілі Әміржан ҚАПАРОВ. – Бұл ведомствоға бізге дейін де басқа азаматтардан осындай шағымдар келіп түскен екен. Департамент өз Комитетіне ұсыныстар жазған, бірақ нәтиже жоқ сияқты. Бұл арада мәселенің республикалық ауқымға ие екенін көріп отырмыз!

Расында да, отандық БАҚ-тарда әріптестеріміз әр жылдары атышулы тарифтің жоқтығы және заңнамадағы олқылық туралы мақаланы көп жазған екен. «АЖ» астаналық Табиғи монополияларды реттеу комитетіне тиісті сауал жолдады. Жауабын күтіп отырмыз. Ал әзірге...

– Неліктен жылу қызметкерлері бірінші айда ЖЕҚ көрсеткіштерін есепке алып, кейін аяқастынан ойларын өзгертті? Бұл сұраққа ешкімнен нақты жауап естіген жоқпыз, – деп сөзін жалғастырды А.Қапаров. – Бүгінде кейбіреуіміз, тұтынушылар сот талаптарынан құтылу үшін келген шот бойынша төлей бастадық, бірақ біз талабымыздан бас тартпаймыз! Төлем әдісін дер кезінде әзірлемеген уәкілетті органдардың әрекетсіздігінен құқығымыз бұзылды деп есептейміз. Бұдан басқа, қазір бәрі қымбаттап, халық бәрін үнемдеуге мәжбүр болған кезде, ЖЕҚ есептегіштері қолайлы болар еді. Атырауда жылу беру маусымы жарты жылға созылады, ал жылу үшін төленетін төлемдердің жалпы сомасы әжептәуір.

- Мен басшы болған тұста ЖЕҚ орнату қолданылмады, - деп комментарий береді 2004-2013 жж. облыстық монополияға қарсы департаментті басқарған «Атырау облысы бойынша Тұтынушылар құқығын қорғау және бәсекелестікті дамыту» қоғамдық бірлестігінің президенті Балжан ДОСМҰХАМБЕТОВА. - Бірақ Тарифтерді қалыптастыру ережесінде суық және ыстық су сияқты жылу энергиясын ЖЕҚ бойынша есептеуді неліктен бастапқыда қарастырмағаны мүлдем түсініксіз. Сондықтан Ереженің «Жылу энергиясымен жабдықтау бойынша реттеліп көрсетілетін қызметтерге арналған тарифті саралау қағидалары» деп аталатын №3 бөліміне шұғыл өзгеріс енгізіп, осы тарифті бекіту қажет деп санаймын.


ФЕМИДА АНЫҚТАЙ МА?

Облыстық тұтынушылар құқығы қорғау департаментінің басшысы Әлем УӘЛИЕВТІҢ айтуынша, ЖЕҚ иелері әртүрлі нормативтік-құқықтық актілерде белгіленген барлық талаптар мен шарттарды орындады, бұл АЖЭО-ын есептегіштерді қабылдауға міндеттеп, күшіне енген сот шешімімен расталады. Сондықтан, ЖЕҚ иелері бұдан былай үйге ортақ жылу есептегіштердің көрсеткіштері бойынша есепшот келетін тұтынушылар санатына жатпайды. Қалыптасқан құқықтық қайшылық Атырау облысындағы және бүкіл Қазақстандағы тұтынушылардың заңды құқығы мен мүддесін бұзып отыр.

– Әзірге бекітілген әдістеме жоқ болса да, мәселенің анағұрлым дұрыс шешімі – ЖЕҚ иелеріне жылу энергиясының орташа тарифімен, яғни ешбір санатқа байламай, төлем есептеу. Осылайша тұтынушының да, монополистің де құқығы бұзылмайды, - деп есептейді Ә.Уәлиев. – Осыған байланысты 24 наурызда біздің департамент сотқа тиісті талап-арыз берді.

«АЖ» бұл мәселенің қалай өрбитінін бақылауда ұстайды.

Лев ГУЗИКОВ

28 наурыз 2022, 13:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.