Атырау, 29 қараша 00:47
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Атырау әуежайы кеңейе ме?

Сурет
1 401 просмотра

Жақында жүргізілген зерттеу әлемдегі ең күйзеліске ұшырататын әуежайларды анықтады. Алматы әуежайы жайсыздық бойынша әлемдік рейтингте орын алды. Солай шығар, бірақ Хиуаз Доспанова атындағы Атырау халықаралық әуежайына барған жолаушылардың да айтары бар.

Мысалы, кейбір пайдаланушылар әлеуметтік желіде былай деп жазады:

«Атырау әуежайының басқарма төрағасына үлкен өтініш. Сақтау камерасын ашсаңыздар екен! Үнемі Атыраудан Астанаға ұшуға тура келеді, әуежайда чемодан тасып жүруге құлқым жоқ».

«... Жаңбыр жауып тұрғанда немесе қатты жел болған кезде басқа жолаушылардың траппен көтерілгенін күтіп тұрудың өзі азап. Адамдарға, әсіресе мүгедектерге ұшаққа жең арқылы міну ыңғайлы».

«Бәрі өте қымбат! Мен бір стакан кофені 2500 теңгеге сатып алдым...»

«... Тегін тұрақ, көлік қою қауіпсіз, ол жерге көлікті 3-7 күнге жиі қалдырамын, ал кемшіліктері - ұшу залында темекі шегуге арналған бөлме жоқ. Эскалатор да жоқ - 20-25 кг чемоданды сүйрелеп жүру оңай емес».

«Мен Алматы мен Ақтау бағытында жүретін екі рейстің жолаушылары жиналып қалған жағдайға тап болдым. Бәріне орын жеткіліксіз болды. Кейбіреулер чемодандарының үстінде отырды. Балаларымның іші пысып кетті. Залдағы монитордан әлдебір сақтандыру компаниясының қайталана беретін жарнамасын емес, мультфильмдер көрсетілсе, жақсы болар еді: балалары барлар мені түсінеді, бір сағат балалар үшін көп уақыт. Ал екі әжетхана мұндай көп адам үшін жеткіліксіз. Жинағышта ана мен балаға арналған бөлме жоқ».

Қыркүйек айында атыраулық кәсіпкер, қалалық мәслихаттың депутаты Ілияс ҚОНЫСПАЕВТЫҢ Facebook әлеуметтік желісіндегі жазбасы айтарлықтай резонанс тудырды: «Біздің мұнайлы өлке заманауи, кең әрі таза әуежайға лайық емес пе? Мен өткен аптаның басында ертерек шығып, бүкіл әуежайды аралап шықтым. Жағдайы вокзалдағыдан да нашар, шағын ғана күту залының болуы – ұят! Тіпті әжетхана да жарамсыз – есігі сынған, иісі шығып тұр, шыбын-шіркей толы, бәрі көрініп тұр, адамдардың есіктің ар жағында не істеп жатқанын көруге болады. Халықаралық әуежайдың емес, жол жиегіндегі ұмыт қалған дәмхананың әжетханасы секілді...».

«ОНЫҢ САЛЫНҒАНЫНА КӨП БОЛДЫ»

Атырау халықаралық әуежайы акцияларының 50 пайызы «СПК Атырау» ҰК» АҚ-ға, қалған 50 пайызы «Магденли – ЙерХизметлеривеТашима А.Ш.» компаниясына тиесілі екені белгілі. Ал жолаушыларға қызмет көрсетумен айналысушы - түріктің «АТМА – Атырау әуежайы және тасымалдау» АҚ. Біз жоғарыда аталған өтініштер мен талаптарды оның бас директоры Кемал АВКАНҒА жолдадық.

– Өздеріңіз білесіздер, әуежай 70-жылдары салынған, ол кезде алып ғимараттың қажеті болмады – қала шағын еді. Бірақ қазір, әрине, бәрі өзгерді, халық саны өсті, демек, жолаушылар ағыны да артты. Жолаушыларымыздың барлық тілегін ескеруге тырысамыз, өйткені олардың жайлылығы біз үшін өте маңызды, - дейді К.Авкан.

Бірақ қазір әуежайда біраз өзгеріс бар. Мәселен, кафелер көбейіп, олардың арасындағы бәсекелестік фастфудтар құнын айтарлықтай төмендеткен. «АТМА-Атырау әуежайы және тасымалдау» АҚ бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Жаңыл ҮМБЕТЬЯРОВАНЫҢ айтуынша, қазір, мысалы, пончик қосылған бір стакан кофенің құны қаладағы бағамен бірдей.

– Негізгі залда «ана мен бала» бөлмесі бар. Ал жинағыш көлемі ол жерден әзірге мұндай бөлме жасауға мүмкіндік бермейді, - дейді Ж.Үмбетьярова. - Әжетханаларда желдету жүйесі жаңартылды, үнемі, дәлірек айтқанда, сағат сайын жуылады. Есікке кесте ілінген, оны кез келген адам оқи алады. Өкінішке орай, ұшаққа жең жабдықтау мүмкін емес, өйткені ғимарат бұл үшін жасақталмаған. Бірақ жақсы жаңалық та бар - келесі жылы қосымша келу залы салынады. Кеңістіктің ұлғаюына байланысты күтуге арналған жаңа ыңғайлы орындықтар, сонымен қатар қосымша әжетханалар салынады.

Әуежайға қатысты барлық мәселені тек жаңа терминал салу арқылы шешуге болады. «АЖ» мәліметі бойынша, «Магденли – ЙерХизметлеривеТашима А.Ш.» түрік акционері бұл жобаны жүзеге асыруға дайын және қазір облыс әкімдігімен келіссөздер жүргізіп жатыр.

Анастасия ШЕРСТЯНКИНА

Автордың және «АЖ» оқырмандары түсірген суреттер

22 қараша 2022, 17:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.