Процестердің ашық болмауына, әкімшілік кедергілерге, заңнаманың жетілмегендігіне, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне байланысты шешімін таппайтын өзекті мәселелер Антикордың ерекше бақылауында. Олардың барлығы Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасында көрініс тауып, одан әрі жұмыс істеу үшін басты бағдар ретінде айқындалды, деп хабарлайды ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Атырау облысы бойынша департаменті.
Осылайша, департамент Индер ауданында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды (сумен жабдықтау) салу кезінде орындалған жұмыстардың жалған актілеріне қол қою арқылы бюджет қаражатын жымқыру тәуекелдерін анықтады.
Индер ауданының құрылыс бөлімі мен "Байсын-А" ЖШС арасында Индер ауданының Аққала ауылына жалпы сомасы 1 млрд теңгеден астам инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым (сумен жабдықтау) салуға шарт жасалды.
Тапсырыс беруші қазан және маусым айларында орындалған жұмыстардың актілеріне қол қойды, сондай-ақ ақы төленді, алайда іс жүзінде жұмыстар орындалмады. Атап айтқанда, бетоннан жасалған тіректер, полиэтилен құбырларынан жасалған құбырлар, қиыршық тас негізі және басқа да құрылғылар орнатылмады. Залал сомасы шамамен 43 млн теңгеден асты.
Анықталған бұзушылықтар Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы және ішкі мемлекеттік аудит департаменті маманының қорытындысымен расталды. Қазіргі уақытта Атырау облысы әкімдігінің жауабына сәйкес бұзушылықтар жойылды, нысан көрсетілген мерзімде уақтылы тапсырылады.
Ақпаратты растау және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Атырау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Ерлан ДОСАНОВ Аққала ауылындағы сумен жабдықтау нысанына барды.
«Департаменттің араласуынан кейін барлық анықталған бұзушылықтар толығымен жойылғанын, кінәлі адамдар жазаланғанын атап өткен жөн. Ерте кезеңде анықталған бұзушылықтар бюджет қаражатын ұрлауға жол бермеуге және сапасыз құрылыстың алдын алуға мүмкіндік берді», - деп атап өтті Е. Досанов.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА