Өңірімізде бір емес, екі қала бар екенін атыраулықтардың бәрі бірдей түсіне бермейді. Екіншісі – 63 мыңнан астам тұрғыны бар Жылыой ауданының әкімшілік орталығы Құлсары қаласы. Бұл жерде де кез келген ірі елді мекендегідей проблемалар бар. Мысалы, қоғамдық көлікке қатысты.
Қала халқы жыл сайын өсіп келеді, тиісінше, қоғамдық көлікке деген сұраныс та арта түскен. Мұнда көлік қатынасымен «БатысТехИнвест» ЖШС айналысуда. Соңғы жылдары автобустар жаңарып, көбейіп келеді. Дегенмен, жетпестік бәрібір сезіліп тұр. Ондайда халық амалсыз таксиге жүгінеді.
- Қаланың шетінде тұрамыз, орталыққа жету біз жақтан оңайға соқпады. Автобустан кешіксек амал жоқ, таксиге мінуге тура келеді. Ал олар 1000-1200 теңге сұрайды. Оған екінің бірінің шамасы жетпесі анық. Кейде маршруттағы автобусымызды басқа маршрут орнына шығарып жібереді, - дейді құлсарылық Өмірзақ ТЕКЕБАЕВ. – Оның үстіне, автобус аялдамалары жоқ. Бұл, әсіресе жауынды-шашынды күндері, қыс кезінде өте қиын. Қыста тоңып дірдектеп, ал жазда күнге «қақталып» тұрғаның.
«АЖ» тілшісі тұрғындар «Вахтовый» деп атап кеткен қаланың шет жағына бірнеше сағатын арнады. Бұл жерде балабақша мен №19 мектеп қатар орналасқан. Аялдама орны бар, тек соған қарап осы жерге маршрут аялдайтынын білгендейсің. Басқа түк белгі жоқ. Кейбір аялдамада қалқан болар өзі де, орындық та жоқ. Аудан орталығының көптеген аялдамасында да осы көрініс.
- Жасыратыны жоқ, автобустар бұзылып қалған кезде резервтегі автобуспен алмастырады. Бірақ үнемі емес, жалпы маршруттық автобус жеткілікті. Шілде айында «БатысТехИнвест» ЖШС жүргізушілері мен жол серіктері жалақының аздығына байланысты наразылыққа шыққан. Бұл мәселе де шешілді, еңбекақылары 50 пайызға өсті. Бұдан кейін шағым болған емес, тұрғындар тарапынан да, - дейді аудандық ТКШ, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Еркебұлан АҚҚҰСОВ.
- Иә, кей жерлерге аялдама орнатылмаған. Бұл тұрғындардың наразылығын тудырып отыр, - дейді қала әкімінің орынбасары Қадыржан АДИНОВ. - Бас жоспарға сәйкес 2023-2024 жылдар аралығында қаражаттың бөлінуіне орай қаламызға 80 аялдама салу жоспарлануда.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді түсірген автор