Жақында маған белгісіз нөмірден сот орындаушысының мүлкімді тәркілемекші екені туралы sms-хабарлама келді. Қазіргі уақытта адамдарға «коллекторлардың» қоңырау шалып, өздерін жеке сот орындаушы, тергеуші, тіпті прокурор ретінде таныстырып, тіптен, сот шешімі шықпаған азаматтарды қорқытатынын жиі естуге болады. «АЖ» заңгер Күләнда ҚЫСТАУБАЕВАДАН кеңес алды.
– «Коллекторлық қызмет туралы» ҚР Заңына сәйкес, коллекторлық агенттік - қызметі сотқа дейін берешектерді өндіріп алуға және реттеуге және берешектерге қатысты ақпаратты жинауға бағытталған коммерциялық ұйым. Яғни, қарызды қайтармасаңыз немесе міндетті төлемдерді кешіктірсеңіз, кредиторлар коллекторлық агенттіктің қызметіне жүгінеді. Кейде борышкер несие берушінің атынан агент ретінде әрекет етіп, сізге несиені қайтаруды еске салумен болады. Кейде ол сіздің қарызыңызды қайта сатып алуы мүмкін – сол кезде ол мерзімі өткен қарызды өз пайдасына өндіріп алуға тырысады. Коллекторлық ұйымдардың қарызды алу үшін борышкерге қандай да бір мәжбүрлеу шараларын қолдануға құқығы жоқ – мұндай өкілеттік тек сот орындаушыларына берілген, – дейді Күләнда Қыстаубаева. – Жеке сот орындаушысына келетін болсақ, ол бұрын мемлекеттік сот орындаушыларына жүктелген мемлекеттік функцияларды орындайды, бұл функция қазір жеке тұлғаларға берілді.
– Коллекторлар борышкерлердің мүлкін тәркілей ала ма?
- Сот орындаушылары заңды күшіне енген сот шешімімен мүліктеріңізді сипаттап, тәркілей алады. Коллекторлардың бұл процеске еш қатысы жоқ. Коллекторлар қызметінің мәні борышкерге қарызды төлеттіру ғана болып табылады.
- Мен бір жерде төленбеген айыппұлым қалып қойған шығар деп күдіктенемін, ал коллектор оны өндіріп алмақ болады. Бұл қаншалықты заңды?
– Коллекторлардың айыппұл, салық, алимент өндіруге құқығы жоқ. Жеке сот орындаушысы сотқа дейін қоңырау шалып, қаржылық жағдайыңызды нақтылап, несиені неге төлемей жатқаныңызды сұрамайды. Алдыңыздағы мәжбүрлеп орындату құқығы берілген және ол сізге сұрақ қоюға құқылы адам екеніне сенімді болу үшін - оның толық аты-жөнін, лауазымын нақтылаңыз.
– Коллекторды сот орындаушысынан және алаяқтан қалай ажыратуға болады?
– Кез келген азамат жеке сот орындаушыларының мәліметін ҚР Әділет министрлігінің adilet.gov.kz ресми сайтынан, белгілі бір аймақтың жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының әлеуметтік желідегі ресми парақшаларынан немесе телефон арқылы біле алады. Ол жерде мәжбүрлеп орындататын атқарушылық құжаттың бар-жоғын, әлдебір қызметкер жеке сот орындаушысы болып жұмыс істей ме, жоқ па, білуге болады.
Фархат АБИЛОВ